Заңдағы қайшылықтарды тауып, жобаларды талдайды: «Әділет» партиясына ЖИ зертханасы неге керек
Партия өз қызметінде цифрлық технологияларды қолдану аясын барынша кеңейтіп жатыр
«Әділет» партиясы өз қызметінде цифрлық технологияларды қолдану аясын барынша кеңейтіп жатыр. Осы мақсатта жасанды интеллект құралдарын әзірлеп, сынақтан өткізетін арнайы зертхана өз жұмысын бастайды. Оның негізгі міндеттерінің бірі – жасанды интеллект мүмкіндіктерін заң жобаларын талдау мен заңнамалық бастамаларды әзірлеуде пайдалану, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Зертхана мамандары әуел баста заңнамадағы қайшылықтарды анықтайтын, заң жобаларын талдайтын және заңнамалық өзгерістердің ықтимал салдарын бағалайтын құралдарды сынақтан өткізіп көреді.
«Бұл технологияларды Құрылтай депутаттарының жұмысына енгізбес бұрын олардың дәлдігі, сенімділігі және заңнама талаптарына сәйкестігі жан-жақты тексеріледі. Сынақтан сәтті өткен құралдарды e-Quryltai цифрлық жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр», - деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Дереккөзге сүйенсек, зертхана жұмысының тағы бір бағыты – деректерді талдау. Жасанды интеллект азаматтардың өтініштерін саралап, өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтауға және оларды заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескеруге көмектеседі.

Зертхананың алғашқы жобалары мен жұмыс бағыттары партия өкілдері және Құрылтай депутаттары Екатерина Смышляева, Үнзила Шапақ пен Снежана Имашева қатысқан кездесуде талқыланды. «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Қаныш Төлеушиннің айтуынша, жасанды интеллект заңнаманы талдау мен заңнамалық бастамаларды әзірлеуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Зертхананың алғашқы жұмыс кезеңіне бес пилоттық жобаны іріктедік. Әуелі балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі мен дербес деректерді қорғауға қатысты заң жобаларын талдауға басымдық береміз. Сондай-ақ депутаттық сауалдардағы мәліметтердің дұрыстығын тексеретін жасанды интеллект құралын сынақтан өткіземіз. Бұдан бөлек, заңнамалық өзгерістердің ықтимал салдарын бағалау әдістемесін әзірлеп, жасанды интеллектті заң шығару ісінде қолдану талаптарын айқындаймыз», - деді «Әділет» партиясы төрағасының цифрландыру жөніндегі орынбасары Қаныш Төлеушин.
Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева жасанды интеллектті заң шығару ісінде қолдану үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Сондықтан жаңа технологиялар заңнамамен тікелей жұмыс істейтін мамандардың қатысуымен мұқият тексерілуі тиіс.

«Зертхананың басты міндеті – жасанды интеллект құралдарын сынақтан өткізу, жетілдіру және оларды енгізудің нақты тәртібін әзірлеу. Бұл жұмысқа заң шығару үдерісін жетік білетін аппарат қызметкерлері мен депутаттар тартылды. Олар жасанды интеллект ұсынған нәтижелердің сапасына кәсіби баға береді», - деді Екатерина Смышляева.
Зертхана жұмысына заңгерлер, бағдарламашылар, ғалымдар мен салалық сарапшылар тартылды. Олар жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін, заңнама талаптарына сәйкестігін және іс жүзінде қолдану тиімділігін бағалайды. Алдағы уақытта зертхананың техникалық мүмкіндіктерін кеңейту, заңнамалық дерекқорларды дамыту және ғылыми әрі сарапшылық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту көзделіп отыр. Пилоттық жобалардың нәтижелері жасанды интеллект құралдарын заң шығару ісіне одан әрі енгізуге және Құрылтайдың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға негіз болмақ.