Смайылов Тоқаевқа қаржылық аудиттің алғашқы есебін баяндады
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, Қорғаныс мсинистрлігінің қаржысына қатысты жоспардан тыс аудиттің алғашқы есебін тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ақорда хабарлағандай, бұл ауқымды тексеріс 50 нысанды, соның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Осы аудитті сапалы әрі тез орындау үшін мемлекеттік аудит жүйесінің жетекші мамандары, сондай-ақ IT және байланыс саласындағы сарапшылардан арнайы топ құрылған.
«Аудит әскери бөлімшелердің материалдық-техникалық жағдайын, жеке құрамның даярлығын, әскери оқу-жаттығу жиындарын, әскери инфрақұрылымның дамуын, қару-жарақ пен техниканың жаңғыруын, цифрлық жүйелердің ақаусыз жұмыс істеуін түгел тексереді», - деп хабарлады Ақорда.
Ал дәл бүгін Смайылов Тоқаевқа Қорғаныс министрлігі қандай мемлекеттік тапсырыс алғанын және оның аудитіндегі алғашқы есепті баяндады.
«Жоғары аудиторлық палата тексеріс қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Үкіметке және салалық мемлекеттік органдарға 57 нақты ұсыным мен тапсырма жолдады», – деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев Смайыловқа Қорғаныс министрлігінде аудит жүргізуге және тұтас мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Естеріңізге сала кетейік, бұл ауқымды реформаға өкінішке қарай 14 сарбаздың қазасы себеп болып отыр. Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың 14-і қаза тауып, 3-еуі ғана аман қалған. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сарбаздардың өліміне қатысты 25 қыркүйек күні Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
25 қыркүйек күні тергеу жұмысына салғырт қарағаны үшін Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасын кісендеп әкетті.
Екі күннен кейін Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты орнынан алып тастады. Дәл сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды.
Ақордада ауқымды кеңес өтіп, президент Қазақстан әскерінің қаржысын аудиттен өткізіп, салаға ауқымды реформа жасау туралы тапсырма берді.
28 қыркүйек вице-президент Ерлан Қарин қаржылық аудиттің алғашқы есебі жеті күннен кейін, ал, ауқымды реформаның жоспары он күннен кейін жария болатынын мәлімдеді.