Бүгін, 15:07
Қоғам

Тоқаев енді Қазақстанда кімдер «шенеунік пен демеушінің қолдауына тәуелді болмайтынын» айтты

Президент жасанды интеллект түсіретін фильмдерге қатысты пікір білдірді

Тоқаев енді Қазақстанда кімдер «шенеунік пен демеушінің қолдауына тәуелді болмайтынын» айтты
Фото: Ақорда

Бүгін Ақордада мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарқынды дамып жатқан жасанды интеллекті туралы, сондай-ақ қай уақытта да өзекті күйінде қалатын кітап оқу мәдениеті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Ақорда жазғандай, президент ең алдымен Астанада жасанды интеллект тақырыбына арналған ауқымды форум өткенін еске салған.  

«Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар өте жоғары қарқынмен дамып жатыр. Бұл – уақыт талабы. Бұдан бөлек, елордамызда тұңғыш рет Astana AI Film фестивалі өтті. Шын мәнінде, бұл – нағыз озық инновациялық іс-шара деп айтуға болады. Өйткені дәл осы өте өзекті және маңызды шара аясында Астана қаласында әлемде алғаш рет жасанды интеллектінің кино өнеріндегі көрінісі пайда болды. Басқаша айтсақ, аталған фестиваль бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі кино өндірісінің өзектілігі азая бастағанын көрсетті. Енді фильм түсірумен айналысатын мамандар шенеуніктердің, демеушілердің және продюсерлердің қолдауына тәуелді болмай, өз бетімен толыққанды кино туындысын шығара алады. Сондықтан Астанада өткен бұл нағыз жаһандық ауқымдағы фильм фестиваліне әлем жұртшылығы айрықша назар аударды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бірақ «Кітап оқу – жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан» деген президент қай уақытта да адамзат үшін кітап білімнің қайнар бұлағы болып қалатынын атап өтті.

«Халқымыздың асыл перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тамаша сөзі бар. Кітап білімпаздыққа, жанашырлыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Кітап оқу – азаматтарды, әсіресе, жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан. Сондықтан мен биыл мамыр айында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Үкімет жыл соңына дейін тиісті тұжырымдама қабылдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.