Сотталған дәрігер жазасын өтеушілерге медициналық көмек көрсетіп жүр
Мамандардың айтуынша, еліміздегі түзету мекемелерінде дәрігер тапшылығы 80 пайызды құрайды
Өзін Темірлан деп таныстырған жазасын өтеуші есірткі саудасымен айналысқаны үшін 5 жылға сотталған. Ол кезде жас жігіт Қарағанды медициналық университетінің «Жалпы медицина және стоматология» мамандығының 5-ші курсында оқып жүрген. Бакалавр дәрежесін алуға бірнеше ай қалғанда Темірланның қылмысы әшкереленіп, сотталып кетеді. Енді ол өзі сынды жазасын өтеушілерге медициналық көмек көрсетіп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Темірлан 5 жылдық жазаның екі жылын өтеген. Елімізде коронавирус инфекциясы белең алып, дәрігерлерге түскен салмақ көбейген шақта Петропавл қаласындағы 164/3 түзету колониясының басшылығы жазасын өтеушіні медициналық бөлімге жұмысқа қабылдаған. Ол дәрігерлерге қолғабыс етіп қана қоймай, мекеме аумағын залалсыздандыру жұмыстарын да өз мойнына алған.
«Темірлан белсенді, қоғамдық жұмыстарға тартынбай араласады. Үлгілі тәртібін ескеріп, оның жазасын өтеу мерзімін қысқарту мәселесін қарастыруға болады. Ол үшін қалған үш жылына айыппұл төлеуі қажет», - дейді түзету мекемесі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рүстем Рахметов.
«Өзім бала кезден физика, биология пәндерін сүйіп оқыдым. Өсе келе дәрігер болуды ұйғардым. Қазір атқарып жүрген жұмысым ұнайды. Бостандыққа шыққан соң, оқуымды жалғастырғым келеді. Сот мені бұл құқықтан айырған жоқ. Ол үшін келер жазда қайтадан емтихан тапсыруым керек. Биыл бостандыққа шығып жатсам да үлгермеймін. Тек енді ақылы негізде ғана оқи аламын. Туыстарым университетпен байланысқа шыққан, мұғалімдер оқуымды жалғастыруға мүмкіндік бар екенін айтыпты. Ал группаластарымның бірі оқуын жалғастырса, екіншілері ендігі қызмет етіп жүргенін естідім», - дейді ол.
Темірлан мемлекеттік білім грантының иегері болған. 5 жыл бойы жақсы оқып, шәкіртақы алған. Қолына диплом алар сәт жақындағанда темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққан жігіт шалыс басқан қадамы үшін өкінеді. Бірақ қолдан келер шара жоқ.
«Бірде көп ақшам болса деген ой келді. Оны белгілі бір қажеттілікке жұмсаймын деген мақсат та болған жоқ. Осындай арам ойдың арбауында жүргенімде, әлеуметтік желілердің бірінен есірткі саудасымен айналысу жөніндегі жарнама тауып алдым. Көп жұмыс істеудің қажеті жоқ, қомақты ақша табады екенсің. Бұл шаруамен екі аптадай айналыстым. Осы әрекетім үшін бойымды үрей жайлап, өз қорқынышымның тұтқынына айналдым. Қорқынышым заңсыз саудамен айналысудан біржола қол үзуге түрткі болды. Бірақ бір айдан кейін полиция қызметкерлері келіп, маған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді», - дейді Темірлан.
ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ ДӘРІГЕР ТАПШЫЛЫҒЫ 80 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАЙДЫ
Қылмысы әшкере болған студентті сот 5 жылға бас бостандығынан айырған. Енді ол темір тордың ар жағында өзгелерге көмектесіп қана қоймай, тәжірибесін шыңдап жүр.
«Темірлан бізге өз көмегін ұсынды. Коронавирус пандемиясына байланысты СҚО қылмыстық атқару департаментінің барлық мекемелерінде арнайы санитарлық-эпидемиологиялық жүйе бекітілген. Осындай қиын сәтте жазасын өтеушінің ұсынысынан бас тарта алмадық. Бізде медицина мамандары тапшы. Қазір емдеу ісі жөніндегі орынбасар, екі фельдшер мен мейірбикелер ғана қалды. Бұл мәселе ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. 3-ші коллонияда ғана емес, Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі саласында дәрігерлер тапшылығы 80 пайызды құрайды» - дейді Петропавл қаласындағы 164/3 түзету мекемесінің бастығы Тамерлан Валиев.
Түзету колониясында фтизиатр, терапевт, эпидемиолог, дерматовенеролог дәрігерлердің орны бос тұр. Ал сотталғандарға медицина қызметкерлерінің көмегі қашан да қажет.
«Темірлан өз ісін біледі. Барлығын бір айтқаннан қағып алады. Дегенмен, дәрігер міндетін оған тапсыра алмаймыз. Себебі, дипломы жоқ. Дәрігердің нұсқауымен фельдшер мен мейірбикенің қызметін атқара алады», - дейді полковник Валиев.
«АДАМ ӨМІРІН АРАШАЛАП ҚАЛДЫ»
Түзету мекемесінің аумағында 8 орындық стационар бар. Сотталғандардың басы ауырып, балтыры сыздаса, сонда барып көмек сұрайды.
«Бірде таңғы тексерістен кейін күндегі әдетпен стационарға бардым. Үнемі тап-тұйнақтай, жинақы жүретін сырқат бар еді. Заттарының бәрін өз орнына қояды. Бұл жолы кітабы мен көзілдірігі жерде жатыр екен. Мұның жай емес екенін бірден сездім. Жанына келсем, ес-түссіз жатыр. Қан қысымы төмендеп, талып қалған екен. Дер кезінде медициналық жәрдем көрсетіп үлгердім. Әйтпегенде комаға түсіп кетуі мүмкін еді. Ар жағы не боларын елестету қиын», - дейді Темірлан.
Жазасын өтеуші бұл жағдайды ерлікке баламайды, бар болғаны, өз міндетін атқарғанын айтады. Болашақ дәрігердің ендігі арманы – тезірек бостандыққа шығып, оқуын жалғастыру, дипломы бар маман атану.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО