Жетісу облысында төрт жасар бала иен далада жалғыз жүрген - оны пойыздың машинисі құтқарып алды (ВИДЕО)
Оқиға 20 қыркүйекте болған
Жетісу облысында жүк пойызының машинисі теміржол бойында жалғыз жүрген төрт жасар баланы байқап, оны құтқарып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 20 қыркүйекте сағат 12:30 шамасында Сарыөзек – Үштөбе учаскесінің Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған.
Жүк пойызы Айнабұлақ станциясына қарай қозғалып бара жатқан кезде машинист теміржол төсемі маңынан жалғыз жүрген баланы байқайды. Пойыз шамамен 38 км/сағ жылдамдықпен қозғалып келе жатқан.
«Машинист қызметтік тежеуді қолданып, пойызды тоқтатып, баланы локомотив кабинасына алып кірді. Кейін болған жағдай туралы пойыз диспетчеріне хабарлады», - деп жазды ҚТЖ баспасөзі.
Осылайша ол төрт жасар бүлдіршінді қауіпсіз жерге, дәлірек айтқанда, Айнабұлақ станциясының кезекшісіне тапсырған. Станция кезекшісі баланың ата-анасымен байланысқан.
Бұл жағдай туралы редакция ҚР ІІМ Көліктегі жол полиция департаментіне ресми сауал жолдады.
«Үштөбе станциясындағы көлік полициясы бөлімінің қызметкерлері теміржол жолдарына жақын жерде жүрген баланың ата-анасын жедел анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін баланың анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бала зардап шеккен жоқ және ата-анасына тапсырылды. Көлік полициясы теміржолдың қауіптілігі жоғары аймақ екенін ескертеді. Кішкентай балаларды, тіпті аз уақытқа болса да, қараусыз қалдырмау қажет. Бір сәттік салғырттық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін», - деп мәлімдеді Көлік полициясы департаменті.