«Қабырға мен төбе ажырап тұр»: фельдшер көз жұмған үйдің басшысы сұмдық мәліметті жария етті

Сотта тұрғын үйдің қазіргі ахуалы сөз болды

«Қабырға мен төбе ажырап тұр»: фельдшер көз жұмған үйдің басшысы сұмдық мәліметті жария етті
скриншот

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында қайғылы жағдай болған тұрғын үйдің басшысы Сәуле Жұбаниязова куәлік етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның сөзінше, тұрғын үйде қабырға мен төбенің арасында жарықтар пайда болған.

«Мен екінші подъездің бесінші қабатында анаммен және екі баламмен бірге тұрамын. Осыдан екі апта бұрын түнгі уақытта үйде түсініксіз дыбыстар естілді. Нәтижесінде үйімде жарықтар мен сызаттар пайда болғанын байқадым. Тоғызыншы қабаттағы көршіме бардым, ол да қабырғасында жарықтардың барын айтты», - деді ол.

Сәуле Жұбаниязова жарықтарды көріп шошыған соң ТЖМ қызметкерлерін шақырғанын айта кетті.

«Жексенбі күні үйге ТЖМ қызметкерлерін шақырып, бірінші подъездің белгілі бір бөлігін қоршап тастауын сұрадық. Себебі қазір онда апат үдейген. Екінші қабатта қабырға мен төбе ажырап кеткен, арасы шамамен жарты сантиметрге жеткен, - деді тұрғын Жұбаниязова.

Сонымен қатар ол қайғылы жағдай үшін өзін кінәлі деп есептемейтінін атап өтті.

«МИБ төрағасы ретінде мен бұл жағдайға кінәлі емеспін. Тұрғын үйге иелік етіп, басшысы атанғандықтан тек балаларым мен анамның алдында кінәлімін. Балаларға дені сау және бақытты ананың жанында болғаны қажет. Сондықтан барлық жағдайды ескере отырып, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын», - деді Сәуле Жұбаниязова соңғы сөзінде.

Айта кетейік, ол бұған дейін сот отырысында тұрғын үйді жөндеуға шамамен 600 млн қаржы керек екенін жеткізді.