Бүгін, 16:03
Қоғам

«Бұл туралы келіскенбіз»: Тоқаев ұстаздар әлі де қара жұмысқа тартылып жатқанын айтты

Президенттің айтуынша, мұғалім тек сабақ беру керек

«Бұл туралы келіскенбіз»: Тоқаев ұстаздар әлі де қара жұмысқа тартылып жатқанын айтты
Фото: https://www.threads.com/@sandjiina/post/DcJ5qp-DGNO/media

Бүгінгі Тамыз конференциясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерге әлі де мектеп жөндететін жайттар кездесіп тұратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тоқаев алдымен «Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек» деді.

Президенттің айтуынша, қазір Қазақстан білім беру базасын жаңғыртып жатыр, сондықтан, бүкіл мемлекеттік сервис пен қызмет бірігеді. Тиісінше, мұғалімдер уақыт алатын шаруадан босауы керек.

«Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек. Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды», - деді Тоқаев.

Бұл ретте президент оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдірумен, оқу үдерісін тиімді ұйымдастырумен және білім беру бағдарламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Атырау облысында ұстазды мектеп жууға мәжбүрлеген директорға қатысты тексеріс басталған болатын. Ұстаздың әлеуметтік желідегі жазбасы үлкен резонанс тудырған еді.