Мүфтият: Айт күндері 81 301 мұқтаж отбасыға құрбандық еті жетікізілді
Республика бойынша 35 орында 394 қасапшы жұмыс істеген
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғам алдындағы қайырымдылық қызметін жандандыра түсу мақсатында және еліміздегі эпидемиологиялық жағдай кезінде мұсылмандық міндетті кедергісіз атқаруға оңтайлы ұсыныс ретінде www.qurban2020.kz жобасын іске қосты.
«Санитарлық талаптарды сақтай отырып, осы жобаны жоғары деңгейде жүзеге асыру үшін әр аймақта жұмыс тобы құрылды. ҚМДБ өкілдігі жанынан құрылған жұмыс тобы тәулік бойы қызмет етті. Осы жобаға дін қызметкерлерімен қосқанда, 3 924 ерікті, 872 көлік жұмылдырылды. Еліміз бойынша алдын ала белгіленген 35 стационарлық қасапханада 394 қасапшы жұмыс істеді. Ал әр өңірдегі орталықтандырылған жұмыс тобында 447 адам қызмет етті. Республика бойынша 25 сall-орталық qurban2020.kz жобасы бойынша тиісті кеңес пен ақпарат берумен айналысты», - деп мүфтият онлайн құрбандықтың есебін берді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, еліміз бойынша www.qurban2020.kz сайтына қашықтан құрбан шалуға тапсырыс берген азаматтардың уәкілдік құрбандығы толығымен орындалған. Игі іске үлес қосқан еріктілер мен мешіт жамағатының белсенді жұмысының нәтижесінде 81 301 мұқтаж отбасыға құрбандық еті жетікізілді. Жер-жердегі қарттар, жетімдер, балалар үйлері мен ауруханаларда да қайырымдылық шаралары өткізілді.
Айта кетсек, ҚМДБ-ның аймақтағы өкілдері Құрбан айттың бірінші күнінде (31.07.2020) көмекке зәру 30 715 отбасыға құрбандық етін үлестірді. Ал айттың екінші күнінде (01.08.2020) 27 741 жанұя мерекелік қуанышқа бөленді. Құрбан айттың үшінші күнінде (02.08.2020) 22 845 отбасыға ет таратылды. Жалпы алғанда, барлық облысты қамтығанда Құрбан айттың үш күнінде 81 301 жанұяға ет жеткізілді.