Нұр-Сұлтанда 5 мыңға жуық мұқтаж отбасыға құрбандық еті таратылды
Етті таратуға 500 ерікті және 200 авто-ерікті атсалысты
Нұр-Сұлтан қаласында Құрбан айт мерекесі кезінде 500 ерікті және 200 авто-еріктілердің көмегімен 5 мыңға жуық отбасыға құрбан еті таратылды. Қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етілді және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің барлық шаралары сақталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Қоғамдық қауіпсіздікті және адамдардың көп мөлшерде жиналмауын қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында орналасқан дәстүрлі құрбан шалу орындары (базарлар, шаруа қожалықтары) жабық болды. Осы орайда, алғаш рет қашықтан құрбан шалуды ұйымдастыру мақсатында «qurban2020.kz» сайты іске қосылды. Құрбандыққа сойылған ет түгелдей әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға үлестірілді», - деп жазылған хабарламада
Айта кетейік, биыл Құрбан айт мерекесі 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өтті.