Онлайн құрбан шалудан қорықпаңыздар – мүфтият
Онлайн құрбан шалуға тапсырыс бергендердің саны шамамен, 1,4 мың адам

Құрбан айт мерекесінде онлайн құрбан шалуға болады. Осы мақсатта «Qurban2020.kz» арнайы сайты іске қосылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дерегінше, Qurban2020.kz сайты арқылы онлайн құрбан шалуға тапсырыс бергендердің саны шамамен, 1,4 мың адам, ал ел бойынша мұқтаждар 20 мыңнан асады.
Мүфтият өкілдері халық онлайн құрбан шалуды әлі де түсінбей отырғанын айтады. Халықтың дені бұл бастамаға күмәнмен қарайды екен. Ал Түркия, БАӘ, Малазия сынды мұсылман елдерінде исламның ұлық мерекесіне орай құрбан шалу бірнеше жылдан бері онлайн режимде өтеді.
«Онлайн құрбандық қалай болады деген сұрақ кез келген адамды мазалауы мүмкін. Бұл жерде қорқатын немесе күмәнданатын ештеңе жоқ дегіміз келеді. Бұл тәжірибеде бар дүние. Қорықпаңыздар, бұл мәселеде күмәнданбаңыздар! Сіздің атыңыздан сойылған мал етін мұқтаж адамдарға таратып беруге біз әзірміз», - дейді ҚМДБ-ның Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков.
Сайт арқылы түсетін қаржыға тек мал сатып алынады. Содан соң оны жіліктеп бөліп, мұқтаж жандарға таратып береді.
Құрбандыққа жарайтын малға қойылатын шариғат талаптары:
Қой мен ешкі - 1 жасқа, сиыр – 2 жас және түйе – 5 жасқа толуы керек. 6 айға толмаған қозыларды құрбандыққа шалуға немесе құрбандыққа сатуға болмайды. Ол құрбандық болып есептелмейді. 1,5 жасар тайыншаны да союға болмайды. Малдың бойынан кемшіліктер табылмауы керек. Құлағынын тең жартысынан көбі тесілмеген, дені сау және жасқа толған болуы қажет.
Нұр-Сұлтандағы мал базарда қой бағасы – 30-50 мың теңге.