Таразда медқызметкерлер биліктен үстемақы талап етті
Шенділер үстемақыны тек науқастармен тығыз жұмыс істейтін дәрігерлерге ғана берілетінін айтып отыр
Коронавирус жұқтырған науқастармен байланыста болып, өзіміз де ауырдық деген кіші медқызметкерлер Таразда бас көтерді. Олардың қатарында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының көлік жүргізушілері, қабылдау бөлімінде отыратын персонал мен еден және кір жуатын жұмысшылар бар деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы болса, оларға үстемақы тиесілі емес деп кесіп айтты. Өйткені бұл қызметтегілер індетпен күресіп жатқан қауіпті аумаққа енбейді деді.
«Бізде қызыл және жасыл аймақ болып бөлінеді. Яғни қызылы қауіпті. Онда ковидпен ауырған науқастармен дәрігерлер тікелей байланыста болады. Ал жасыл аймақтағы сырқаттанғандармен қарым-қатынас болмайды. Ал мына адамдар, шағымданып отырғандар науқастармен жұмыс істеп жатқан жоқ. Сондықтан оларға үстемақы қарастырылмаған», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жібек Исаева.
Алайда, жиналғандар бұл пікірмен келіспейді. Олардың сөзіне сенсек, онға жуық әріптесі жұмыста жүріп коронавирус жұқтырған.
«Заңды қайта қарастырсын, бізді де сол тізімге енгізсін. Біз де осы аурулар жатқан аурухананың ішінде жүрміз, біз де ауру жұқтырып жатырмыз», - дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкері Қатира Жақашова.
Мемлекеттік комиссия бекіткен қаулыға сәйкес, үстемақы үш топқа ғана тиесілі. Бірінші топ: жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Ал екінші топ: провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үшінші топ: карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері.