13.07.2026, 17:04
Қоғам

«Варикозды мемлекет тегін емдейді»: Атыраудағы хирург 42 науқасты алдап, 8 млн теңгені қалтасына басқан (ВИДЕО)

Оның ісін Қаржы мониторинг агенттігінің Атырау облысындағы департаменті тергеген

«Варикозды мемлекет тегін емдейді»: Атыраудағы хирург 42 науқасты алдап, 8 млн теңгені қалтасына басқан (ВИДЕО)
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қаржы мониторинг агенттігінің Атырау облысындағы департаменті алаяқтық және заңсыз материалдық сыйақы алу фактілері бойынша күдікке ілінген хирург-дәрігерге қатысты тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды 

Тергеу амалдарына сай, күдікті екі жыл бойы, яғни, 2023-2025 жылдар аралығында «Family Health Clinic» ЖШС мен «Ким В.» жеке клиникасында жұмыс істей отырып, варикозды емдетуге келген адамдарды алдаған. Яғни, ол науқастарға бұл операция МӘМС арқылы тегін жасалатынын жасырып,  өзінің есепшотына 8 млн теңге төлем қабылдаған.

«Солай бола тұра, ол өзі жұмыс істейтін емханалардың базасынан «DamuMed» жүйесіне пациенттерге тегін медициналық көмек көрсеткені туралы мәліметтер енгізіп,  Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан тағы қаржы алған. Осылайша,  хирург бір жағынан 42 пациенттің 8 млн теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденген. Екінші жағынан, Әлеуметтік сақтандыру қоры осы адамдардың тегін отасы үшін осы екі ауруханаға  14,8 млн теңгеден астам ақша аударған», - деп хабарлайды ҚМА.

Бұдан бөлек, дереккөз хабарлап отырғандай, оның қызметтік міндеттерін орындағаны үшін пациенттерден заңсыз ақшалай сыйақы алған фактілері де анықталды. Күдікті дәрігер елден кетпеу туралы қолхат жазып берген.