Қағазда бәрі жақсы, ал іс жүзінде қандай: Қазақстанда жатақхана мәселесі қашан шешіледі
Елімізде 2018 жылдан бері 281 жатақхана пайдалануға берілген
Жаз келген сайын мыңдаған талапкер үшін мамандық таңдаумен қатар тағы бір маңызды мәселе туындайды. Ол, әрине, дер кезінде жатақханаға орналасып алу. Әсіресе ауылдан немесе аудан орталығынан үлкен қалаға оқуға аттанатын жастар үшін бұл кәдімгідей бас қатыратын шаруа. Кей ата-ана үшін баласының грант ұтып алғанынан бұрын, қайда тұратыны маңыздырақ болып кететін кездер де аз емес, деп жазады Azattyq Rýhy.
Рас, соңғы жылдары жатақхана төңірегіндегі жағдай біршама өзгерді. Бұрын оқу басталар тұста орын таппай сенделген студенттердің мәселесі жиі көтерілетін. Кейбірі туыс жағалап, кейбірі пәтер жалдап, енді бірі хостелден орын іздеп жүретін. Әсіресе арман қуып Алматы мен Астанаға ағылған жастар көп болғандықтан, бұл қалаларда сұраныс ұсыныстан әлдеқайда жоғары еді.
Қазір жағдай қандай?
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдан бері елде 281 жатақхана пайдалануға берілген. Соның арқасында 72 мыңнан астам жаңа орын ашылыпты. Қағаз жүзіндегі көрсеткіш жаман емес. Ең бастысы, бұрын ондаған мың орынға жеткен тапшылық бүгінде 5 мыңнан сәл асатын деңгейге дейін түскен.
Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсіну керек. Жатақхана мәселесі барлық өңірде бірдей емес. Бір жерде орын жеткілікті болса, екінші жерде сұраныс әлі де жоғары. Сондықтан республика бойынша ортақ көрсеткішке қарап, мәселе толық шешілді деп айту қиын, дейді сарапшылар.
Мәселе қайда жатыр?
Жатақхана мәселесін тек салынған ғимараттар санымен өлшеуге бола ма? Өйткені мәселенің бір ұшы жастардың қай қалаға көбірек ағылатынына келіп тіреліп жатқаны белгілі. Мәселен, бүгінде тапшылық негізінен Алматыда сақталып отыр. Себебі талапкерлердің дені оқуға түсу кезінде осы қаланы таңдайды. Сондықтан бір өңірде орын артық болып тұрған кезде, екінші өңірде сұраныс жоғары болуы әбден мүмкін.
Тағы бір ескеретін нәрсе, студент үшін жатақхана деген жай ғана төсек-орын емес. Ата-ана баласын басқа қалаға оқуға жібергенде ең алдымен оның қайда тұратынын, қауіпсіздігін, тұрмыс жағдайын ойлайды. Сондықтан бүгінде мәселе орын санынан гөрі сол орындардың сапасына ойыса бастағандай.
Соңғы жылдары жоғары оқу орындары бұл бағытта түрлі жолдарды қарастырып келеді. Қажет жағдайда студенттерді хостелдерге орналастырады. Бірақ мұнда да бастысы – ғимараттың бар-жоғы емес, ондағы жағдайдың талапқа сай болуы. Әсіресе бірінші курсқа енді түскен жастар үшін бұл маңызды.
Жатақханасыз қалған студенттерге көмек көрсететіндер бар
Осы қажеттіліктен барып Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен ахуалдық және дағдарыс орталықтары ашылған. Бірі студентке ақпарат беріп, бағыт көрсетсе, екіншісі аяқ астынан қиын жағдайға тап болған жастарға уақытша көмек ұсынады. Жатақханадағы тапшылық көбіне Алматы қаласында болғандықтан, бұл қалада студенттерге жатақхана орындары туралы ақпарат пен кеңес беретін ахуалдық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында ашылса, форс-мажор жағдайында уақытша баспанамен қамтамасыз ететін дағдарыс орталығы Тынышпаев атындағы «ALT» университетінде қарастырылған.
Ресми мәліметке қарағанда, қазірге дейін ахуалдық орталыққа 2,5 мың адам жүгінген. Ал дағдарыс орталығының көмегіне жүгінгендер саны он шақты ғана. Мұны екі түрлі қабылдауға болады. Бір жағынан, мұндай орталықтардың керек екенін көрсетеді. Екінші жағынан, жатақхана төңірегіндегі түйткілдер бұрынғыдай жаппай сипат алмай отырғанын аңғартады.
Соңғы жылдары студенттік омбудсмендердің пайда болуы да бекер емес. Өйткені кейде мәселе орынның жоқтығынан емес, орын бөлудегі түсінбеушіліктен, құжат рәсімдеуден немесе тұрмыс жағдайына қатысты даудан туындайды.
Сондықтан талапкер мен ата-ана жатақхана мәселесін тамыздың соңына қалдырмағаны жөн. Құжат тапсырар кезде-ақ университеттің мүмкіндігін анықтап алған дұрыс. Себебі әр оқу орнының жағдайы әртүрлі. Бірінде бірінші курс толық қамтылса, енді бірінде басымдық әлеуметтік санаттарға беріледі, деп ескертеді сарапшылар.
Жалпы алғанда, жатақхана мәселесі бірнеше жыл бұрынғыдай өткір емес. Бірақ толық шешілді деуге әлі ерте. Себебі студент саны өсіп жатыр. Үлкен қалаларға ағылатын жастар да азаймайды. Демек, алдағы уақытта мәселе жаңа ғимарат салудан бөлек, бар мүмкіндікті ұтымды пайдалануға келіп тірелмек.