Қазақстандағы үздік медициналық ұйымдар анықталды: олар арнайы жиында марапатталды
Үздіктерді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова марапаттады
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында елдегі үздік медициналық ұйымдардың есімі белгілі болды. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты жиында денсаулық сақтау саласында жоғары нәтиже көрсеткен мекемелер марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық байқауда медициналық көмектің сапасы, басқару тиімділігі, заманауи технологияларды қолдануы және пациенттерге көрсетілетін қызмет деңгейі бағаланған.
Биыл «Үздік емхана» аталымы Алматы қаласындағы №17 қалалық емханаға бұйырды. Бұл медициналық ұйым профилактикалық бағдарламаларды іске асыру, балалар мен жүкті әйелдерді бақылау, тұрғындардың медициналық қызметке қанағаттану көрсеткіші бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізген.
Алматы тағы бір аталымда топ жарды. «Үздік стационар» номинациясында Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы жеңімпаз атанды. Бүгінде бұл аурухана мыңдаған адамға шұғыл және мамандандырылған көмек көрсететін еліміздегі ірі медициналық орталықтардың бірі саналады.
Жастар денсаулығын нығайту бағытындағы жұмысы үшін Семей қаласындағы №2 емхана жанынан құрылған «Жас Асыл» жастар денсаулық орталығы үздік деп танылды. Орталық жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, репродуктивтік денсаулықты сақтау және аурулардың алдын алу бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
Ал «Үздік жедел медициналық жәрдем станциясы» атағы Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына берілді. Өңір тұрғындарына тәулік бойы қызмет көрсететін ұжым жеделдіктің және қолжетімділіктің жоғары үлгісін көрсеткен.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл марапаттардың артында тұтас ұжымның еңбегі тұрғанын айтты.
«Бүгін біз тек жекелеген мамандарды ғана емес, медициналық көмектің жоғары стандартын қалыптастырып отырған ұйымдарды да ұлықтап отырмыз. Әрбір жетістіктің артында кәсіби ұжым, заманауи жұмыс тәсілдері және мыңдаған медицина қызметкерінің күнделікті еңбегі тұр», – деді министр.