Пандемия кезінде елде арақ ішу 30%-ға азайған
Жамбыл облысының қаржы полициясы осы аптада ірі көлемде контарабандалық спирт өнімін әкеле жатқан топтың жолын кесті. Жүк көлігіне тиелген 33 мың литр этилді спирт Шымкент қаласынан Алматыға жеткізілмек болған. Ал жыл басынан бері Жамбыл облысында 60 мың литр спирт тәркіленіпті. Оның құны 56 млн теңгеге бағаланған. Егер одан суррогат арақ өнімі дайындалғанда, тұтынушыға 240 мың шөлмек жасанды арақ жол тартар еді дейді облыстық Қаржы полициясының мамандары. Облыстық Қаржы полициясы ішімдік өнімдерін контрабандалық жолмен тасығаны үшін екі азаматқа қылмыстық іс қозғады. Іс ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлімі, яғни заңсыз кәсіпкерлік дерегі бойынша сотқа жолданады.
СУРРОГАТ ІШІМДІКТЕН ҚАЙТЫС БОЛУ ДЕРЕГІ ЖИІЛЕГЕН
Шілденің 10-ы күні Оралда жасанды алкоголь өнімдерін сатқан жеке үй тұрғыны анықталды. Бес литрлік пластик ыдысқа құйылған арақты 7 000 теңгеден саудалаған тұрғыннан 85 литр қауіпті өнім тәркіленген. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті ақпарат таратқан болатын.
Тағы бір дерек. Шілде айының басында елдің екі аймағында ондаған адамның өмірін қиған оқиға тіркелді. Қостанай облысы Арқалық қаласында этанолдан уланған деген диагнозбен ауруханаға 13 адам жеткізіліп, оның 11-і қайтыс болған еді. Дәл осы күні Ақмола облысы Жаңа Қима ауылында 4 адам этилді спирттен астыртын жасалған арақтан уланып, көз жұмды. Азаматтардың 5 литрлік құтыдағы, қаптамасында ешқандай жапсырмасы жоқ спирттік өнімді тұтынғаны белгілі болды. Қауіпті арақ базарларда ашық сатылған. Тексеру барысында Ақмола облысында суррогат арақ түрлерін жасаумен айналысатын цех анықталып, осы қылмысты ұйымдастырған 3 азамат ұсталды.
Оқи отырыңыз:15 адамның өлімі: Ақмола облысында қолдан ішімдік жасап сатқан үш күдікті ұсталды
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ЖЫЛЫНА 261 МЛН ЛИТР СЫРА ІШЕДІ
Елдегі төтенше жағдай мен экономикалық дағдарысқа қармастан, алкоголь өнімдерінің қымбаттауы байқалды. Еnergyprom.kz жазуынша, 2020 жылдың алғашқы жартысында арақ 7%-ға қымбаттаған. Сарапшылар қыркүйек айында оның 10%-ға дейін артатынын болжайды. Ішімдік жасаушы кәсіпорындар қаңтар-мамыр айларында өндірісті барлық категориялар бойынша қысқартқан. Коньяк өндірісі 4,6 млн литрге дейін төмендеп, өндіріс өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға кеміген. Шарап - 26%-ға, ал сыра 0,6%-ға ғана қысқарыпты. Қазақстанда бір жылда 261,5 млн литр сыра өндірілген. Нақты осы ішімдік түріне Қазақстанда сұраныс жоғары деп жазады ресми дереккөз. Ал арақ өндіру өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға азайып, 8 млн литрге кеміген.
Коньяк өндірісі бойынша Алматы қаласы (44,5%), ал шарап өндірісінен Алматы облысы (77,8%), сыра шығарудан Алматы қаласы (48,5%) алдыңғы орында. Сыраның 126 млн литрін Алматы кәсіпорындары өндіреді.
Отандық ішімдік өндірушілер 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында ішкі нарықтың 81,6%-ын арақпен, 93,7%-ын сырамен қамтамасыз ете алған. Тіпті, артылған өнімді экспортқа шығарған. Ал шарап жасаушылар ішкі сұраныстың 69,7%-ын жапса, өз өнімдерінің 30,3%-ын шетелге жөнелткен.
Пандемия уақытында, яғни мамыр айында Қазақстанда ішімдік орташа есеппен 6,5%-ға қымбаттапты. Бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғандағы көрсеткіш. Біртіндеп болса да қымбаттап жатқан өнімге тиісінше, сұраныс та азаймаған. Ішімдік әсіресе, Алматы облысында (бір жылда 16%) қымбаттаған. Солтүстік Қазақстанда шарап бағасының (11,6%), Қарағандыда сыра бағасыны (13,4%) өскені белгілі болды.
ІШІМДІК COVID-19 ИНФЕКЦИЯСЫН ҚОЗДЫРАДЫ
Дәрігерлер адам ағзасын коронавирустан арақ қорғайды деген аңызды жоққа шығарған болатын. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне бұған дейін сұқбат берген терапевт-дәрігер Гаухар Қожакеева спирт өнімдері COVID-19-дың алдын алады және оны емдейді деген қате түсінік екенін және медицина бұл әдісті құптамайтынын айтқан. Кардиология және ішкі ағза аурулары ҒЗИ меңгерушісі ішімдік инфекциялық аурулардың қозуына әкелетінін ескертеді.
«Алкоголь сусындары адамдарды коронавирус инфекциясынан қорғайды немесе таралауына жол бермейді деген аңы әңгіме ел ішінде әлі тарап жатыр. Ауру жұқтырғанда немесе иммунитет әлсірегенде арақ ішу жүрекке қосымша салмақ салады. Керісінше, адамның иммунитетін әлсіретіп, бактериялар мен вирустың көбейіп кетуіне, ағзаның қауіпті дертпен өздігімен күресуіне кедергі жасайды»,- дейді дәрігер.
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕ КАРАНТИН УАҚЫТЫНДА ІШІМДІК ІШУ АРТЫП КЕТКЕН
Ал кейбір ғалымдар карантиннің жағымсыз әсерінің бірі ретінде ішімдікке әуестенушілердің артқанын айтып отыр. Әлем елдерінде араққа деген сұраныс артқан. Бұл туралы Lenta.ru агенттігі жазады. Әсіресе, ішімдікке құмарлық әдеттегі уақыттан гөрі, карантин кезінде жиіледі дейді Марианн Пиано есімді ғалым. Ол психобелсенділік заттарды тұтынудың салдары деген мәселе бойынша зерттеулер жүргізген.
Алкоголь өнімдерін шамадан тыс пайдалану батыс елдерінде белең алған. Бұл туралы деректерді Пиано «Nielsen» агенттігіне сілтеме жасап айтып отыр. АҚШ-та пандемия басталғалы бері ішімдік саудасы 54%-ға көбейген. Ғалымның айтуынша, адамдар өз денсаулығы мен туыстарының болашағына қатты алаңдаулы. Сондықтан олар өзінің осы психологиялық көңіл-күйін жеңу үшін ішімідік ішуге мәжбүр болады.
«Ал оқшаулану кезінде халықтың іші пысып, жалғыздықтан жапа шегетіндер де алкоголге әуестенеді. Бұл өз кезегінде коронавирустың өршуіне әкеліп жатқанын ешкім сезбейді»,- депті Марианн Пиано.
Ал Қазақстанда ішімдікке деген сұраныс қаншалықты артты? Жасыратыны жоқ, біздің халық бастапқыда коронавирус, содан соң пневмония дерті келгенде дәрі-дәрмектен тыс, халық еміне көп назар аударды. Арақтан гөрі зімбір, ақжелкек тамыры, сарымсақты қауіпті вирустан құтқарады деп базар аралап іздегені туралы көп жазылып жатыр. Ал қымыз бен саумал және шұбат ішу дертке мың да бір ем дегенді дәрігерлер де, ұлттық ееркшелігіміз де жоққа шығармайды. Бірақ оның бағасы мен сапасы туралы шешімін таппаған сұрақ көп.
Оқи отырыңыз: «Қолдан алған қымыздың 30% су»: Алматы маңындағы стихиялы қымыз саудасы
ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ҚАЗАҚСТАНДА ІШІМДІК ІШУ 30%-ҒА КЕМІГЕН
Қазақстан алкоголь және темекі өнімдерін адал өндірушілері қауымдастығының президенті Әміржан Қалиевтің дерегінше, Қазақстанда алкоголь өнімдерін өндіру мен өткізу көрсеткіші COVID-19 кезеңінде 30%-ға кеміді. Өткен бес айда халық арасында арақты тұтыну да осы деңгейге түсті дейді ол.
Халық арасында ішімдікті көп тұтынып жатыр деген қате пікір қалыптасып отыр. Яғни карантин уақытында, адамдар оқшауланған кезде ішімдік ішу артып кетті дегенді жиі естиміз. Шын мәнінде, олай емес. Біздің зерттеулер мен бақылаулардың нәтижесіне қарасақ, Қазақстанда пандемия кезінде алкоголь өнімдерін тұтыну біршама азайып кетті дейді Қалиев.
«Соңғы 5 айдан бері қоғамдық шаралар, үйлену тойлар, туған күндер өзге де жиын-тойлар күрт азайды. Тіпті, ондай шаралар өтіп жатқан жоқ десе де болады. Халық бір-біріне қонаққа баруды қойды. Мейрамханалар, кафелер мен барлар, түнгі клубар жұмысын тоқтатты. Тиісінше, арақты тұтыну да азаятыны заңдылық»,- дейді қауымдастық жетекшісі.
Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, елде контрафактілік өнімдер көбейді. Астыртын цехтарда жасалатын арзан, сапасыз арақты ішіп, улап жатқан деректер күрт артты. Мұның себебін «ҚазАлкоТабакко» қауымдастығының басшысы өзінше түсіндіруге тырысты. Бұл жағдайға ЕАЭО аясындағы экономикалық байланыстар мен мемлекеттің саясаты кінәлі көрінеді. Әміржан Қалиевтің айтуынша, осыдан 6 жыл бұрын Қазақстанда контрафактілік арақтың үлесі 20%-дан аспайтын. Қазір бұл көрсеткіш 50%-ға жетті.
«Қазақстанда 2013-14 жылдары астыртын өндірілетін немесе жасырын тасымалданатын арақ өнімдерінің үлесі жалпы нарықтағы көлемнің 20 пайызына тең болатын. 2014 жылдан бастап көлеңкелі айналымдағы арақтың үлесі ақырындап арта бастады. Неге? Оған себеп: Еуразиялық экономикалық одақ аясында Кедендік одаққа кіруіміз. 2010 жылдан бастап Қазақстан Ресей мен Беларусьтің алкоголь өнімдерін шектеусіз, санына да, сапасына да қарамастан кіргізе бастады. Бірақ Қазақстан үшін РФ мен Беларусь Республикасының нарығы жабық болды. Бұл әділетсіздік еді. Қазақстандық өнімді олар өздеріне кіргізген де жоқ. Біз бұл мәселені Кедендік одақ комиссиясы деңгейінде көтердік. Содан кейін 2014-19 жылдар аралығында Қазақстан арақ акцизін біртіндеп көтере бастады. Сөйтіп қазір Ресейдің деңгейімен теңестірді. Бұдан айналып келгенде қазақстандық алкоголь нарығы жапа шекті. Арақтың бағасы да тым қымбаттап кетті»,- дейді Ә. Қалиев.
Суретте: Әміржан Қалиев, «ҚазАлкоТабакко» қауымдастығының президенті
Салада қалыптасқан бұл жағдай көлеңкелі нарыққа жол ашты. Акциз 5 есеге артқан соң, арақтың даралап сату бағасы да дүкендерде 4 есе көтерілді. Ал халықтың табысы осы кезеңде бар болғаны 2 есеге ғана артты. Тиісінше, тұтынушы қолжетімді арақ іздей бастады. Осы кезде контрабанда мен арақты қолдан жасаушылардың кәсібі өрге домалады. Оның бағасы зауыттан шығатын ішімдіктен бірнеше есе арзан болғандықтан, халық суррогат ішімдіктерді тұтынуға бет бұрды дейді маман.
ҚАЗАҚСТАНДА ӘРБІР ЕКІНШІ ШӨЛМЕК АРАҚ КОНТРАФАКТІЛІК ЖОЛМЕН ӨНДІРІЛЕДІ
«ҚазАлкоТабакко» қауымдастығының басшысының сөзіне қарағанда, Қазақстан зауыттары 2013 жылы 45 млн литр арақ өндірсе, 2019 жылдың соңында бұл көрсеткіш 20 млн литрге дейін төмендеді. Демек, Қазақстанда заңды жолмен өндірілетін арақ екі есеге азайды. Бірақ таңқаларлығы, қазақстандықтар бұл кезеңде арақ ішуді азайтқан жоқ. Демек, арақ өндірісінің 50 пайызы көлеңкелі жолға түсті деуге негіз бар.
«Бүгінгі күні Қазақстанда өндірілген әрбір екінші арақ контрафактілік жолмен өндіріледі. Бұл салықтың да түсімі екі есеге азайды дегенді көрсетеді. Биыл жыл басынан бері жағдай одан да қиындай түсті. Коронавирусқа байланысты халықтың азық-түлікті тұтынуы алдыңғы орынға шықты. Табысының едәуір бөлігін тамаққа жұмсағандықтан, арақтың қымбаттығын ескерсек, ол екінші жоспарға түсті. Тиісінше, адамадар арзан арақ, суррогат жолымен өндірілетін өнімге бет бұрды. Қазір 5 литрлік пластик бөтелкемен сатылатын араққа сұраныс артты. Ол астыртын жасалатын өте қауіпті ішімдік. Әсіресе, аймақтарда, Қостанай, Орал, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында сапасыз, арзан, қауіпті арақтар өндірісі белең алды»,- дейді Әміржан Қалиев.
Астыртын дайындалатын арақтардың құрамында адам өміріне қауіпті қандай зиянды қоспалар кездеседі? Әміржан Қалиевтің айтуынша, зауыттан шығатын ішімдіктің шикізаты, яғни этилді спирт екі қайтара сүзгіден немесе тазартудан өтеді. Ал көлеңкелі жолмен өндірілетін арақтың спирті тазаланбайды. Сапасыз спирт пен кәдімгі су араластырылған күйінде саудаға дайын өнім болып шығарылады. Технологиялық талаптар сақталмайды. Оның құрамындағы этанол адам денсаулығына зиян. Халыққа мұны түсіндіру керек дейді маман.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы