$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.07.2020, 15:22
Қоғам

Коронавирустың жеңіл түрімен ауырып, үйіне шыққандарға тегін дәрі беріледі – Сағынтаев

Алматыда шілде айының 3 аптасында 1 миллион қаптама «Парацетамол» сатылған

Коронавирустың жеңіл түрімен ауырып, үйіне шыққандарға тегін дәрі беріледі – Сағынтаев
Скриншот: YouTube

COVID-19 вирусының жеңіл түрімен ауырып, үйлеріне шығарылған науқастар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасында өткен Akimat Live бағдарламасының тікелей эфиріндегі сұрақтарға жауап берген кезінде айтты.

«Егер пациент амбулаторлық емделуде болса немесе стационардан үйге емделуге шықса, онда біз оны толық көлемде қамтамасыз етуіміз керек. Қазір біз нақты керек тізім бойынша барлық клиникаларымызды, әрбір емхана қорын есепке алдық (КВИ-мен күрес аясында – авт.). Сонда науқас мемлекеттен бұл дәрі-дәрмекті толық алуы керек. Ол пациенттер мобильді бригадалардың бақылауында», - деді  Б. Сағынтаев.

Қала әкім стационарларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне түсініктеме берді. 16 шілдеден бастап бүгінгі күнге дейін Тұрақтандыру қорының резервінен қаланың дәріхана желілеріне 437 мың қаптамадан асатын дәрілік препарат жеткізілді. Сонымен бірге, Тұрақтандыру қорынан бөлінген қаржы аясында Үндістаннан 3,8 млн қаптама дәрі жеткен. Бұл дәрі-дәрмек қоры қала жұртының дәрілік препараттарға деген сұранысын бір айға дейін қанағаттандырады деп жоспарланып отыр.

«Ең бастысы, дүрлігуді басып, қажетті дәрілерді барлық дәріхана сөрелеріне дейін жеткізу қажет болды. Қазір біз атқарылған жұмыс нәтижесін көріп отырмыз. Біз әкімдік жанынан жабдықтау тобын құрдық және ол топ қазір тікелей қолма-қол өндірушіден дәрі-дәрмек алып, дәріхана сөрелеріне дейін жолдап отырады», - деп атап өтті әкім.

Әкімнің мәліметінше, мамыр айында 50 мың қаптама «Парацетамол» сатылса, шілденің 3 аптасында 1 миллион қаптама сатылып кеткен. Бір жылда дене қызуын өлшейтін құралдың 100 мың данасы сатылса, өткен бір айдың ішінде 80 мың данасы сатылған.

«Дәрілерді бір реттік енгізіп, құжаттар рәсімдеуді бір күнде жасау үшін фармацевтикалық индустрия қауымдастығы мен билікке ұсыныс жасадық. Бұрын құжат 2 апта көлемінде әзірленетін. Осындай тосқауылдар көп болды. Олар да белгілі бір уақытты алды. Кедендік тазарту процесі де тез өтеді, ешқандай мәселе жоқ», - деп толықтырды қала басшысы.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары