Бүгін, 10:40
Қоғам

Үкімет Ақтөбеге жаңа драма театр салып беру үшін өз резервінен 8 млрд теңге бөлді

Бұл театрдың құрылысы – тікелей президенттің тапсырмасы

Үкімет Ақтөбеге жаңа драма театр салып беру үшін өз резервінен 8 млрд теңге бөлді
Фото: театрдың ресми парақшасынан алынды

Ақтөбеде Тахауи Ахтанов атындағы драма театрға жаңа ғимарат салып беру үшін Үкімет резервтен 8 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, бұл тікелей президенттің тапсырмасы.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе қаласында Тахауи Ахтанов атындағы драма театры үшін жаңа ғимарат салу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Үкімет резервтен 8 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Тахауи Ахтанов атындағы бұл театрдың 80 жылдық тарихы бар.

«Театрдың жаңа ғимараты Алтын орда шағын ауданында салынып жатыр, 700 орынға есептелген театр өнердің заманауи талаптарына сай үлкен және кіші залдардан, заманауи репетициялық үй-жайлар мен сахналық кеңістіктерден тұрады. Театрдың айналасында демалыс орталықтары, саябақ пен қала тұрғындарының демалуына арналған стадион салу көзделген», - деп хабарлайды үкімет.

Жалпы, үкімет жазғандай, жоба театр қызметтерінің сапасын арттыруға, шығармашылық ұжымдардың жұмысы үшін заманауи жағдай қалыптастыруға және театр өнерін одан әрі дамытуға ықпал етпек.