Бүгін, 17:41
Қоғам

«Кемі 15 кітап оқиды»: бір топ депутат үкіметке «Кітап оқитын ұлт» идеясына қатысты үндеу тастады

Жуырда президент Жарлыққа қол қойған

«Кемі 15 кітап оқиды»: бір топ депутат үкіметке «Кітап оқитын ұлт» идеясына қатысты үндеу тастады
Фото: parlam.kz

Бүгін Мәжіліс отырысында бір топ депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдауды сұрап, үкіметке үндеу тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үндеудің баяндамасын оқыған депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан бұл идеяның бастау қайнары туралы ақпарат беріп, жуырда президент қол қойған Жарлықты еске алды.

«Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық ел руханиятын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық құжат ретінде қоғам тарапынан зор серпіліс туғызды. Құжаттың негізгі мақсаты – адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту бағытының өзегі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, барлық салада шығармашыл, жасампаз әрі бәсекеге қабілетті орта жасақтау. Ендігі жерде мәдениет саясатында кітап шығару ісінен бастап, оны насихаттау, оқу және жалпы кітап мәдениеті мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыттары болмақ», - деді Әшімжан.

Оның айтуынша, «Зерделі ұлт» идеясы – бір күнде, бір сәтте пайда болған ой емес. Бұны президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да, Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда да айтқан.

«Соның нәтижесінде 23 сәуір ресми түрде «Ұлттық кітап күні» болып бекітіліп, рухани-ағартушылық маңызы зор мерекеге айналды. Биыл бұл атаулы күн республика көлемінде екінші рет жоғары деңгейде ұйымдастырылып, елдің барлық өңірінде мазмұнды іс-шаралар кеңінен атап өтілді.          Мемлекетімізде бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан алғышарттар да аз емес. Мәселен, «AMANAT» фракциясы депутаттарының бастамасы негізінде баспагерлер қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатылып, отандық баспаларға қолдау көрсету үшін арнайы нормалар қабылданды. Кітапхана қызметкерлерінің жалақысы артты, кітапханаларға келушілер саны көбейе бастады. Онлайн кітап саудасы жанданып, кітаптар бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті», - дейді ол.

Сонымен қатар, Әшімжанның айтуынша, «AMANAT» партиясы өткен жылы «Кітап оқитын ұлт» атты арнайы жобаны іске қосып, оны пилоттық режимде Қостанай, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында табысты жүзеге асырды. Жоба аясында түрлі әлеуметтік санаттағы 189 мыңнан астам азамат қамтылып, қоғамда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға серпін берді. Бастамаға оқушылар мен студенттерден бастап, педагогтер, отбасылық әулеттер және мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Пилоттық кезең қорытындылары жобаның жоғары әлеуметтік тиімділігін көрсетті. Атап айтқанда, қатысушылар арасында кітап оқу белсенділігінің артуы, отбасылық оқу дәстүрінің жандануы, білім беру ұйымдарында әдеби ортаның қалыптасуы және жастардың танымдық қызығушылығының күшеюі байқалды. Осыған байланысты, бұл жобаны ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап республикалық деңгейде іске асыру жоспарлануда.

«Жобаның алғашқы 6 айында республика бойынша шамамен 2 миллион азаматты қамту көзделген. Бұл — ел халқының 10 пайызы. Қатысушылардың өңірлік теңгерімін қамтамасыз ету мақсатында әр облыс пен республикалық маңызы бар қаладан кемінде 100 мың адамның қатысуы жоспарлануда. Жобаны кезең-кезеңімен кеңейту арқылы алдағы 5 жыл ішінде қатысушылар саны 10 миллион адамға дейін жетпек. Нәтижесінде, жоба ел халқының шамамен 50 пайызын қамтып, кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттайтын ірі халықтық қозғалысқа айналады. Жоба аясындағы негізгі нәтижелік көрсеткіштердің бірі – әрбір қатысушының 6 ай ішінде кемінде 15 кітап оқуы. Бұл көрсеткіш азаматтардың тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға және кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған», - дейді ол.

Сондықтан, «Зерделі ұлт» жобасы – бар жұмысты жиып қойып, тек кітаптан бас алмау деген сөз емес деген ол  «бұл – сапалы ұлт қалыптастыру жолындағы жүйелі жұмыстар тізбегі» деген пікірін айтты.  Яғни, заманауи инфрақұрылымды дамыту, ақпараттық, цифрлық жүйелерді меңгеру, жаңа форматтағы кітапханалар түзу, патриот ұрпақ тәрбиелеу, отандық баспагерлерді, қаламгерлерді, олардың шығармаларын қолдау, ұлттық әдеби жауһарларымызды елде және шетелдерде жан-жақты насихаттау.

«Біз Парламент Мәжілісінің мінберінен мемлекеттік органдарға, зиялы қауымға және барша отандастарымызға үндеу тастай отырып, «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдауға шақырамыз! Ежелеп әріп тани бастаған баламыздан бастап, батагөй данамызға дейін осы игі іске жұдырықтай жұмылуымыз қажет», - дейді депутаттар.