Алматыдағы «Зерделі» халқы үрейлі, ал әкімдік қаражат бөлуге асығар емес
10 көпқабатты үйді беріктендіру үшін қажетті 1 млрд теңге бөлінбей отыр
Алматының Алатау ауданында орналасқан «Зерделі» шағынауданы (бұрынғы Алғабас-6 шағынауданы - AR) тұрғындары үрей құшағында отыр. Қаланың солтүстік батысында құрылған шағынауданда осыдан он жыл бұрын 9 және 6 қабатты тұрғын үйлер кешені бой көтерген. Алайда алғаш рет 2016 жылы жазда Зерделі шағынауданында №136/1 үй бір жағына қарай қисайып кеткен болатын. Содан бері 4 жыл өтсе де, бұл шағын аудандағы 30-дан астам көпқабатты үйде жағдай күннен күнге ушығып барады. Баспаналарды салған «Астанақұрылыс» компаниясы қайтадан 72 пәтерлі бір үй салып, сол жерге халықты бір жыл ішінде қоныстандырған еді. Алайда 2019 жылы осы жағдай тағы қайталанды. Аудандағы №179 және №182 үйлер де тұруға жарамсыз болып шықты.
Жергілікті әкімдік пен Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институты бұл аймақта бірнеше жылдан бері зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әкімдік кейбір үйлерге беріктендіру шараларын қолданған. Алайда жергілікті тұрғындар күн өткен сайын шағынауданда тұру қауіпі артып келеді деп дабыл қағады.
Суретте: Зерделі тұрғындары
AzattyqRýhy тілшісіне сұқбат берген Зерделі шағынауданы, №151 үй тұрғыны Дана Рақымова үй кез келген сәтте құлап кетеді деген үреймен күн кешіп отырғанын жасырмайды. Тұрғынның айтуынша, бұл баспаналарды беріктендіру туралы кешенді жоба қолға алынғанымен, жүзеге аспай жатыр. Мамандар бір жағына қарай жантайып бара жатқан көпқабатты үйдің 15 сантиметрге дейін қисайғанын айтқан.
«Міне, осы өткен жұма күні Алматы қаласы Құрылыс басқармасының маманы Олжас Тәжібаевпен сөйлесіп, мәселемен қашан айналысатындары туралы сұрадым. Бірақ ол үйлерді беріктендіру жобасының тоқтатылғанын мәлімдеді. Сіздерге үйді беріктендіру жасалмайды деді. Сонда біз үйдің құлауын күтіп отыруымыз керек пе? Мен сәт сайын фото, видео түсіріп Құрылыс басқармасына жіберіп отырдым. Дәлелдер жеткілікті, үйге түскен сызаттар мен қисайған бағыты үлкейіп барады. Үйді көтеріп тұрған қабырғада жарық пайда болды. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институтының берген ресми қорытындысында мен тұрған үйде оңтүстік-шығысқа қарай үй 20 сантиметрге дейін жантайғаны көрсетілген. Негізінде, шектік көрсеткіші 15 сантиметр. Одан асса, үйде тұру қауіпті. ҚазҚСҒЗИ мамандары оны ресми түрде халыққа көрсетуге қорқып отыр. Олар барлық үйлерде жағдайдың қиын екенін айтты. Бір үй 8, кейбірі 10, тіпті мен тұратын үйдің 20 сантиметрге ауытқығанын визуальдық тұрғыдан көріп отырмын»,- дейді Зерделі тұрғыны.
Суретте: Дана Рақымова, «Зерделі» шағынауданы тұрғыны
«Зерделі» шағынауданының халқы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа мәселенің алдын алуды сұрап хат жазған. Биыл қала басшысы шағынаудан халқымен кездесіп, Қалалық жайлы орта басқармасына, ҚазҚСҒЗИ-ға елдің көзінше тапсырма берді дейді тұрғын. Бірақ одан бері жарты жыл өткенімен, түбегейлі шешімдер мен нақты шараларды көрмей отырмыз. Бұл Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үйлер кешенінің қайталануына соқтыруы мүмкін дейді белсенді тұрғын.
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институтының басқарушы директоры Ералы Шоқпаров «Зерделі» шағынауданындағы 33 тұрғын үйге зерттеу жүргізілетінін айтады. Сәулетшінің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстарын қажет ететін баспаналарға әкімдік тарапынан зерттеуге тапсырыс берілген. Институт өкілі биыл қараша айына дейін шағынаудан толықтай зерттеліп, тиісті қорытынды беріледі деп сендіреді.
«Біздің институт №179 үй мен №180 үй бойынша қорытынды жасап, Құрылыс басқармасына берген болатын. Қазір 179-шы үйді беріктендәіру аяқталды, ал 180-ші үй бойынша жұмыс жүріп жатыр деп естідім. Ал біздің жұмысымыз тоқтаған жоқ. Ай сайын арнайы күнтізбе бар, сол бойынша тексеру нәтижелерін жіберіп жатырмыз. Ал құрылыс әкімдіктің мойнында. Өйткені, ақша бөлінуі керек. Соған да байланысты.
Бізбен келісімшарт жасалған. Ол бойынша ҚазҚСҒЗИ барлығы 33 үйдің іргетасынан бастап, тексеру жүргізуге тапсырыс алдық. Қазір жұмыс кезең-кезеңмен жүріп жатыр. Биыл Зерделіде қараша айына дейін барлық үйлер бойынша қажетті қорытынды беріп бітеміз. Сағынтаев өзі биыл тұрғындармен кездесуде айтты. Үйлерді алаламаймыз, осы шағынаудандағы барлық үйлер зерттеледі деді. Егер беріктендіру керек болса, бәріне жасалады деп айтқан болатын»,- дейді институттың басқарушы директоры.
Ал Алматы қаласы Құрылыс басқармасы бөлім басшысы Олжас Тәжібаев биыл «Зерделі» шағынауданында 10 үйге беріктендіру жұмыстары жүргізілу жоспарланғанын айтады. Алайда өткен 6 айда небәрі бір үйге ғана жөндеу жүргізілген. Оны «Витель» ЖШС атқарған. Қалған баспаналарды беріктендіруге қаражат бөлінбеген. Шағынауданда үйлерді бастапқы қалпына келтіру үшін 1 млрд теңге қаражат қажет дейді шенеунік.
«Біз жағдайды қиын деп айтпас едік. Үйлер тұруға жарамды. Жұмыстар жүріп жатыр. Былтыр қисайған №179 үйді беріктендіру толық аяқталды. Тұрғындар пәтерлеріне өздері жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көшіп жатыр. Енді биыл біз 10 үйге осындай жұмыстар жүргізуді жопарлағанбыз. Бірақ қаражат жоқ. Сондықтан тоқтап тұр. Қашан бөлінетіні белгісіз. Ал Дана Рақымова айтып отырған №151 үй келесі жылдың жоспарында тұр», - деді Қалалық құрылыс басқармасының бөлім басшысы.
Десе де, тұрғындар әкімдік қызметкерлері құрғақ уәдемен шектеліп отыр, былтырдан бері ауданда небәрі 1 үй ғана беріктендірілді, қалған 30-ға жуық үйдің бәрінде осыған ұқсас проблема қалыптасқан деп отыр. Тезірек қаражат бөліп, көпқабатты үйлердің іргетасын беріктендіруді жеделдету керек. Сондықтан тұрғындар әлеуметтік желі арқылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдады.
Скриншот.
Геологтар мен сәулетші мамандар бұрынғы Алғабас-6, қазіргі Зерделі шағынауданындағы көпқабатты үйлердің жаппай қисайып кетуіне байланысты болжамдарын жария еткен болатын. ҚазҚСҒЗИ мамандары негізгі себеп – үйлердің іргетасына ылғалдың көптеп кіруі, яғни техногенді судың ағуынан деп қорытынды берген болатын. Құрылысшылар баспаналарды салу кезінде үйдің астындағы шұңқырларды құрылыс қалдықтарымен толтырған деген де болжам айтылды. Инситут маманы Ералы Шоқпаров көпқабатты тұрғын үй кешенін тұрғызу кезінде арық жүйелері дұрыс жоспарланбағанын айтқан еді. Ол соның кесірінен жауын-шашын және кәріз жүйесінен аққан сулар үй іргетасына қарай құйылып отырғанын, сондай-ақ үйлердің негізін қалауда топырақ дұрыс зерттелмегенін және оның қалыңдығы 1,5 метр емес, 1 метр етіп төселгенін, сондай-ақ тиісті дәрежеде тығыздалмағанын мәлімдеген еді.
Суретте: «Зерделі» шағынауданы
Айта кету керек, Зерделі шағынауданында осы көпқабатты үйлердің құрылысын жүргізген «Астанақұрылыс» компаниясы ешқандай жазаға тартылған жоқ. Өткен төрт жылда бұл елдімекенде баспаналар бірінен соң бірі бүлініп, адам өміріне қауіп төндіріп отыр дейді жергілікті тұрғындар. Құрылыс саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар бұл компания 2017 жылы 9 қабатты 72 пәтерлік бір үйді өз есебінен салып берген болатын. Жергілікті атқарушы билік осыдан кейін құрылыс кәсіпорнының қателігін кешіріп, ал қалалық Сәулет-құрылыс мемлекеттік басқармасы оны лицензиясынан айырмау туралы шешім қабылдаған. Осы оқиғадан соң қала әкімдігі «Зерделі» (Алғабас-6) шағынауданында құрылыс нысандарын тұрғызу кезінде 5 қабаттан асыруға тыйым салды.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы