$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.07.2020, 10:39
Қоғам

Коронавирус жұқтырған жағдайда рентгенге қашан түскен дұрыс?

Маман жауабы 

Коронавирус жұқтырған жағдайда рентгенге қашан түскен дұрыс?
Фото: ашық дерек көздерінен

Коронавирус ауруы қалай асқынады және оның қандай кезеңдері бар? Рентген және компьютерлік томографияны қашан жасаған дұрыс? Осы және басқа да сұрақтарға Нұр-Сұлтан қалалық фтизиопульмонология орталығының директоры Анна Цепке тікелей эфирде жауап берді. Дәрігердің айтуынша, жұқпалы аурудың төрт кезеңі бар.

 «Бірінші – инкубациялық кезең. Яғни ауру тасымалдаушы адаммен байланысқан сәттен бастап, 2-14 күн аралығында уақыт өткен соң, алғашқы белгілер байқалады. Егер тасымалдаушымен байланыста болсаңыз, өз-өзіңізді оқшаулау керек екені белгілі. Осы уақытта қандай тексерістен өту қажет? Шын мәнінде, ештеңе қажет емес. Өйткені одан еш диагностикалық пайда жоқ. Тек өзіңіздің жағдайыңызды бақылауда ұстау қажет», – деп түсіндірді А.Цепке.

КВИ-дің екінші кезеңі тұмауға ұқсас. Содан кейін дене қызуы, әлсіздік, бұлшықет, тамақ ауруы, иіс пен дәм жоғалуы мүмкін. Жүрек айнуы мен құсу да байқалады.

«Рентген және компьютерлік томография жасау керек пе? Бұл да қажет емес, өйткені көптеген жағдайда КТ-дан ештеңе көрінбейді. Науқас бұл зерттеуді жасап, бәрі қалыпты деп ойлауы мүмкін. Алайда ауру енді басталған. Сондықтан мұндай зерттеулер жүргізудің қажеті жоқ», – дейді дәрігер.

Одан ары COVID-19-дың үшінші кезеңі басталады. Мамандар оны «қызған кезең» деп атайды.

«Симптомдар ерекше айқын болады. Ентігу, жөтел, 38-ден жоғары дене қызуы байқалады. Бұл ауруханаға жатуды қажет ететін кезең. Мұнда барлық зерттеулер түсінікті болады», – дейді Цепке.

Соңғы, төртінші кезең – реконвалесценция.

«Яғни аурудан айығып, сауығу кезеңі. Бұл кезең ұзақ уақытқа созылады. 14 күннен 3-6 айға дейін ағза қалпына келеді», – деп түсіндіреді қалалық фтизиопульмонология орталығының директоры.

Сондай-ақ А. Цепке әрбір адамда ауру әртүрлі өтетінін және кез келген кезеңде аяқталуы мүмкін екенін атап өтті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми Инстаграм парақшасынан COVID-19 инфекциясының формалары туралы басқа да сұрақтарға маманның берген жауабын көруге болады.

Серіктес жаңалықтары