«Менің талабым – екі пәтер»: Шавкат Рахмонов пен экс-әйелі Тоқаев берген үйге «таласып жатыр»
Пәтердің біреуін – мемлекет басшысы, екіншісін қазақстандық кәсіпкер Әлидар Өтемұратов Шавкат Рахмоновқа сыйға тартқан
Қазақстандағы аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов пен оның экс-әйелі арасындағы дау өзегінің бірі – мүлік мәселесі болып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy. Спортшының экс-жұбайының айтуынша, ол бұл екі үйді балалардың атына рәсімдеуді сұраған. Алайда спортшы бұл ұсыныспен келіспеген көрінеді.
Гүлайым Рахмонованың айтуынша, 2023 жылы кәсіпкер Әлидар Өтемұратов сыйға тартқан баспана спортшының анасының атына рәсімделген. Ал Мемлекет басшысы табыстаған үй Шавкат Рахмоновтың өз атында екен. Бұл туралы ол журналист Руслан Өтепбайтың YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
Ерлі-зайыптылардың төрт баласы бар, ал қазір Гүлайымның бесінші сәбиіне аяғы ауыр. Соған қарамастан, олардың арасындағы шиеленіс күшейген. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда балалардың еш кінәсі жоқ, ол әкенің жауапкершілігі бірінші орында болуы тиіс деп отыр.
«Қазір ол тапқан дүниесін, ақшасын бауырларының, анасын атына жазып отыр ғой. Менің балаларым өспей ме, менің балаларым күнделікті тамақтанбай ма, жүрмей ме? Мен сонда оның табысын кімнен сұрау керекпін? Немесе болашақта менің балаларым есейеді, үйлі-баранды болады. Мен сонда ағаларынан сұрауым керек пе, кезінде Шавкат сіздерге беріп еді, соны бересіңдер ме деп? Не анасынан сұрауым керек пе?» — дейді ол.
Айта кетейік, бұл жанжалдың туындауына ене мен келін арасындағы түсініспеушілік себеп болғаны айтылып отыр. Гүлайымның сөзінше, спортшы «арамызда қанша бала болса да анамды сыйламаған адаммен тұрмаймын» деген ұстанымын алға тартқан.