Ауылда малшы, сауыншы, ветеринар жетіспейді – депутат агросектордағы проблемаларды тізбектеп шықты
Депутат ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін азаматтар үшін жеке табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесін белгілеуді ұсынды
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мен агроөнеркәсіптік кешендегі кадр тапшылығына байланысты Үкіметке бірқатар ұсыныс жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында атап өтілгендей, елдің азық-түлік нарығында импортқа тәуелділікті азайту стратегиялық міндет екенін еске салды. Оның айтуынша, бұл мақсатқа қол жеткізу отандық ауыл шаруашылығын дамыту, логистиканы оңтайландыру және ішкі өндірісті күшейту арқылы жүзеге асады.
«Бүгінгі таңға жаһандық азық-түлік дағдарысы мен халық санының өсуі жағдайында өзін-өзі қамтамасыз ету тәуелсіздік пен тұрақтылықтың маңызды факторына айналуда. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі болып саналады. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде жыл басында өңірлерге барып сайлаушылармен кездесу өткізіп, ауыл-аймақтардағы өзекті мәселелермен таныстым. Ауылдағы шаруалар агросектордағы ең өзекті әрі күрделі мәселенің бірі ретінде – кадр тапшылығын атап өтті. Әсіресе, малшы, сауыншы, механизатор, ветеринар, агроном, зоотехник секілді мамандардың жетіспеушілігі бар екенін жеткізді. Бұл жағдай ауылдық жерлердегі тұрмыс деңгейінің төмендігімен, еңбекақы мөлшерінің жеткіліксіздігімен және әлеуметтік қолдау тетігінің әлсіздігімен тікелей байланысты», – деді ол.
Темір Қырықбаев сондай-ақ бұл мәселе Жоғары аудиторлық палата есебінде де көрініс тапқанын айтып, зейнетақы жарналары аударылмаған азаматтардың көп болуы еңбек заңнамасының сақталуында олқылықтар бар екенін көрсететінін жеткізді.
«Мұндай үрдіс жұмыс берушілер тарапынан міндеттемелердің толық орындалмауы немесе бақылау тетіктерінің әлсіздігімен байланысты болуы мүмкін», – деді депутат.
Оның айтуынша, кадр тапшылығы агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына, еңбек өнімділігіне және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты депутат Үкіметке ауыл шаруашылығы саласына мамандар тарту және оларды тұрақтандыру үшін кешенді шаралар қабылдауды ұсынды.
«Қазіргі уақытта Үкімет негізгі азық-түлік өнімдері бойынша толық өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуді 2028 жылға дейін жоспарлап отыр. Менің есебім бойынша ауылдағы шаруалардың тарапынан көтеріп отырған кадрлық мәселелерді толыққанды шешпей, елімізді азық-түлік өнімдерімен 2028 жылға дейін өзін-өзі толық қамтамасыз етуге мүмкін емес деп санаймын», – деді депутат.
Осыған орай, депутат мынадай мәселелерді шешуді сұрады:
- Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру мақсатында Үкімет тарапынан қосымша төлемдер қарастырып, жергілікті бюджет есебінен арнайы субсидиялау бағдарламасын енгізу;
- Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін азаматтар үшін жеке табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесін белгілеу;
- Аграрлық колледждер мен жоғары оқу орындарында мақсатты гранттар санын ұлғайтып, шәкіртақы көлемін арттыру.