«Дәстүрлі қағидаларын бұрмалауда»: депутат діни араздық тудыратын контент үшін қатаң жаза енгізу мәселесін көтерді

Ол қоғамда шу тудырған ақпараттарды атап өтті 

«Дәстүрлі қағидаларын бұрмалауда»: депутат діни араздық тудыратын контент үшін қатаң жаза енгізу мәселесін көтерді
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралып жатқан теріс діни контентке байланысты алаңдаушылық білдірді. Ол діни мазмұндағы бейресми пікірлер мен подкастарда айтылған мәлімдемелер қоғамда резонанс тудырғанын атап өтіп, олардың кейбірі заң талаптарына қайшы болуы мүмкін екенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде. Соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болдық. Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір «имам-сымақ» үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне «сыйға тартқанын» жайбарақат жария етті. Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қасақана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс. Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек. Адам түгілі, хайуанға жанашырлық танытуды дәріптейтін дін өкілі өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс», - деді ол.

Депутат жарияланым авторын да сынады. Оның пікірінше, мұндай контент азаматтардың моральдық құндылықтарына ғана емес, сондай-ақ ұлттық дәстүр мен қоғамдық тұрақтылыққа да кері әсер етуі ықтимал.

Сондай-ақ Ермұрат Бапи әлеуметтік желілерде тараған діни сипаттағы кейбір видеоларға қатысты да пікір білдіріп, оларды қоғамдық наразылық тудырған мысал ретінде келтірді.

«Екінші бір керанау көрініс – Наурыз мерекесі ислам дініне жат мейрам деп жариялаған сақалы бар мұрты жоқ біреудің видео-былжырағы. Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі. Қоғамды шулатқан қос қиқушы әкімшілік жазаға тартылып, оларға айып салынды.

Бірақ, құрметті Бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарқышақ асқынып кетпесін десек, әкімшілік жазамен ғана ушығып бара жатқан жағдайды ауыздықтау аздық етеді. Әсіресе, әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын депутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын», - деді ол.

Депутат интернет кеңістігінде діни тақырыптағы ақпараттық ықпалдың күшеюіне байланысты заңнамалық шараларды күшейту қажеттігін көтерді. Ол теріс діни насихат пен діни араздықты қоздыруы мүмкін контент үшін жауапкершілікті қылмыстық деңгейде қарастыру тетіктерін талқылауды ұсынды.

«Іс жүзінде халықтың, қазақтың ұлттық дәстүрлеріне қарсы шығу - Қазақстанның Конституциясына қарсы шығу деген сөз. «Қазақстан - зайырлы мемлекет» деп, Ата Заңда атап көрсетілген қағидатқа діни даңғазамен қарсы шығу – қылмыс. Егер біз бұл теріс догмаға бүгін өте қатаң және жүйелік тойтарыс бермесек, ертең тіземізді тістелеп, қапыда қалуымыз әбден мүмкін. Оның күрт кереғар нәтижесі бізге адам айтқысыз ауыр тиері кәдік. Біз қыр арқасы қырқылған, ішкі дүниесі тұлдай, таным-түйсігі быт-шыт болуы шынайы ықтимал қоғамды құтқаруға дәл бүгін кіріспесек, бұл кереғар жағдайды түзеу әрекетінен кеш қаламыз. Кері қайту қиын болады: рубикон тақау қалды. Себебі, бүгінде әсіресе жастардың сенім-танымы мен қоғамдық көзқарасы дәстүрлі діннің мешіттерінде емес, әлеуметтік желілерде қалыптасуда. Егер бұл ресурстарда ресми институттардың жүйелі, авторитетті және заманауи ұстанымы тапшы болса, бұл бос қалған кеңістікті қарабайыр және қауіпті пропаганда толтырады. Бүгінде өзінің сандырағын ресми ислам мен шариғаттың нормасына айналдырған, діни білімі кенде, діни статусы күдікті дүмшелер әлеуметтік желілерде өріп жүр. Олар қоғамды радикалдық ой-әрекетке жетелеп, елдегі мұсылман қауымы арасына іріткі салып, біздің халық ежелден табынатын дәстүрлі исламның діни қағидаларын бұрмалауда», - деді депутат.

Бапи мұндай үрдістер әсіресе жастардың көзқарасына әсер етіп, дәстүрлі құндылықтардан алыстауына ықпал етуі мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, діни ақпараттық кеңістіктегі бақылау мен ресми институттардың рөлін күшейту қажет.

Сонымен қатар депутат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының цифрлық кеңістіктегі белсенділігін арттырып, қоғамда туындайтын діни дауларға дер кезінде жауап беруі керектігін де атап өтті.

Сөз соңында Ермұрат Бапи бұл мәселені жүйелі түрде қарастырып, тиісті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылдауды сұрады.