Қасымбек пен Головкин қол алысты: келесі жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтетін болды
Қазақстан боксты ұлттық спорт түріне айналдыру керек, дейді Астана әкімі
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтетін болды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеп, World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкинмен түскен суретін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қасымбектің мәліметіне сүйенсек, бұл кездесуде екі тарап осы чемпионаттың инфрақұрылымы мен дайындығын талқылағапн.
«2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл – қала үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бокс – Қазақстанның болмысымен біте қайнасқан спорт түрі. Бұл – қайсарлықтың, тәртіптің және жеңіске деген жігердің көрінісі. World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкинмен, World Boxing ұйымының бас хатшысы Том Диленмен кездестім. Кездесуде әлем чемпионатына дайындық, спорт инфрақұрылымының әзірлігі және алдағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды», - деп жазған Қасымбек.
Астана әкімі президенттің боксты дамытуға қатысты айтқан сөздері мен тапсырмаларын еске алды.
«Мемлекет басшысы еліміздің бокстағы әлеуеті өте жоғары екенін, бұл жетістіктер халықаралық спорт аренасында мойындалғанын атап өтіп, «алдымызда боксты ұлттық спорт түріне айналдыру міндеті тұр» деген болатын. Бокстан әлем чемпионаты тек ауқымды спорттық дода ғана емес, қазақстандық бокстың жоғары деңгейін тағы бір мәрте айқындайтын маңызды іс-шара боларына сенімдімін. Чемпионатты ең жоғары деңгейде өткізу үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деп уәде етті Қасымбек.