Бүгін, 15:42
Қоғам

Президент жариялаған рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін

Мәжіліс депутаты өз ойын айтты

Президент жариялаған рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін
Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жаңа Ата заңның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, рақымшылыққа кәсіпкерлер үмітті бола алады.

«Бұл шағын және орта бизнес өкілдеріне қатысты болатын шығар. 2020 жылдан 2023 жылға дейін барлық тексеріске мораторий жарияланған болатын, ал 2024 жылдан бастап тексерістер қайта басталды. Осы уақыт ішінде көптеген айыппұл салынды, жеке және ұжымдық шағымдар көп түсті», – дейді Құспан Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар, мас күйде ұсталған көлік жүргізушілерінен де көптеген өтініш түскен.

«Мүмкін, оларға да амнистия қолдану туралы мәселені қарастыруға болатын шығар. Бірақ бұл әзірге менің жеке пікірім», – деді депутат.

Ал жаяу жүргіншілерді қағып кеткен жүргізушілер рақымшылыққа іліге ме деген сұраққа:

«Жоқ, бұл мүмкін емес. Президент рақымшылық жеке тұлғаға қарсы қылмыстарға, ауыр және аса ауыр қылмыстарға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстарға қолданылмайтынын анық айтты», – дейді Құспан.