$ 479.02  551.11  5.82
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 14:30
Қоғам

Енді жұмысшылардың ар-намысы мен қадір-қасиеті заңмен қорғалады

Елімізде қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау күшейтіледі

Енді жұмысшылардың ар-намысы мен қадір-қасиеті заңмен қорғалады
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Парламент депутаттары бастамашы болған құжат жұмысшылардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, еңбек қатынастарын жетілдіруге бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді еңбек саласында қызметкерлердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау заң деңгейінде бекітіледі. Сондай-ақ еңбекке жарамсыздық немесе демалыс кезеңіне сәйкес келген жағдайда жұмыстан шығу күнін анықтау тәртібі нақтыланады.

Тағы бір маңызды жаңалық — жұмысқа кірер алдында медициналық тексеруден өтуге кеткен уақытқа ақы төлеу қарастырылған. Оның мөлшері ұжымдық келісім немесе жұмыс берушінің шешімі арқылы белгіленеді.

Сонымен қатар, жұмыс беруші еңбек жағдайында өзгеріс болса, қызметкерді міндетті түрде жазбаша түрде хабардар етуге тиіс. Ал қызметкер өз еркімен жұмыстан шығатын жағдайда, әсіресе материалдық жауапты қызметкерлер үшін, мүлікті тапсыру тәртібі нақты реттеледі.

Жаңа талаптарға сәйкес, жұмыс берушілер еңбек құралдарының қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге міндеттеледі.

Бұдан бөлек, әлеуметтік әріптестікті дамытуға да ерекше назар аударылған. Әкімдіктер өңірлерде жұмыс берушілер, қызметкерлер және еңбек инспекциясымен бірлесіп жұмыс істеп, арнайы үшжақты комиссиялардың қызметін үйлестіреді.

Ал мемлекеттік еңбек инспекторлары өз біліктілігін тұрақты түрде арттырып отыруға тиіс. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігін қадағалайтын техникалық инспекторлардың құқықтары да нақты бекітіледі.