Депутат медицинадағы цифрлық жүйелердің үйлеспеу мәселесін қозғады
«AMANAT» депутаты денсаулық сақтау министрінің атына депутаттық сауал жолдады
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға медицина саласындағы цифрлық жүйелердің өзара үйлеспеуіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық мемлекет құру міндетін қойып, бұл бағыттағы жұмыстарды сынға алған. Атап айтқанда, медицинадағы ақпараттық платформалардың бір-бірімен үйлеспеуі өзекті мәселе болып отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің алдына Цифрлық мемлекет құру міндетін қойып, оның іске асуын өз бақылауында ұстайды. Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент осы мәселеге жеке тоқтап, медицина саласындағы цифрлық платформалардың өзара үйлесімді жұмыс істемейтінін сынға алды. Бұл мәселенің өзектілігі өңірлерде халықпен кездесулер барысында да айқын көрінді. Соңғы уақытта денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бағытында бірқатар жоба іске асырылды. Дегенмен, ақпараттық жүйелердің өзара үйлесімдігінің болмауынан медициналық ұйымдардың күнделікті жұмысында айтарлықтай қиындық туындап жатыр», - дейді депутат.
Атап айтқанда, оның айтуынша, емдеу мекемелеріндегі ақысыз дәрі-дәрмек беру пунктінің қызметкерлері бір мезгілде бірнеше ақпараттық жүйеде жұмыс істеуге мәжбүр. Рецепттерді тіркеу, дәрілік препараттардың қалдықтарын есепке алу, дәрі-дәрмекті босату және есептілік жүргізу әртүрлі платформалар арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде медицина қызметкерлері бір ақпаратты бірнеше рет енгізуге мәжбүр болып отыр.
«Бұл медициналық ұйымдардың жұмысын жеңілдетудің орнына, керісінше, әкімшілік жүктемені арттырып, мамандардың уақытын пациенттерге қызмет көрсетуге емес, ақпараттық жүйелер арасындағы техникалық рәсімдерге жұмсауына әкелуде. Салдарынан еңбек өнімділігі төмендеп, адами фактордан туындайтын қателіктің қаупі артады. Сонымен қатар дәрі-дәрмек беру процесі баяулап, азаматтардың ақысыз дәрілік қамтамасыз ету қызметіне қолжетімділігі күрделене түседі», - деді депутат.
Оның айтуынша, бұл мәселе, әсіресе, созылмалы аурулары бар науқастар, мүгедектігі бар азаматтар, қарт адамдар мен балалар үшін аса маңызды. Өйткені тегін дәрілік препараттарды уақтылы алу олардың өмір сапасына ғана емес, кей жағдайда өміріне тікелей әсер етеді. Жұмыс тиімділігін арттыру және халықты дәрілік препараттармен қамтамасыз ету сапасын жақсарту үшін қолданылып отырған ақпараттық платформалардың толыққанды техникалық интеграциясын қамтамасыз ету қажет
«AMANAT» партиясы еліміздің денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты мынадай ұсыныстарды қарастыру орынды деп санаймыз:
- Денсаулық сақтау жүйесінде қолданылатын ақпараттық платформаларды толыққанды интеграциялау мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ рецепттер, дәрілік заттардың қалдықтары, дәрі-дәрмекті босату және есептілік деректері бойынша автоматты түрде деректер алмасу тетігін енгізуді;
- Медициналық ұйымдар үшін рецепттерді тіркеу, дәрі-дәрмек қалдықтарын есепке алу, дәрілік препараттарды босату және есеп жүргізу операцияларын бір жүйе шеңберінде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірыңғай интерфейс әзірлеу мәселесін пысықтауды;
- Егер мұндай цифрлық интеграциялық жоба жоспарланып отырған болса, оны іске асырудың кезеңдері, мерзімдері және жауапты мемлекеттік органдар туралы ақпарат беруді ұсынамын.