Қазақстанда мемлекеттік қызмет жаңа форматқа өтеді: Мәжіліс заң жобасын мақұлдады
Мемлекеттік қызметкерлер заңсыз қысым мен негізсіз айыптаулардан қорғалады
Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру үшін әзірленген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заң жобасының басты мақсаты — мемлекеттік қызметті халыққа жақын, яғни азаматтарға қызмет көрсететін жүйеге айналдыру. Бұл қызмет сапасын арттырып, адамдармен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен міндеттер нақтыланды. Олардың қатарында – патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдептілік, мінсіз бедел, құқықбұзушылықтар мен мүдделер қақтығысына төзбеушілік бар.
Мемлекеттік аппаратты күшейту үшін жаңа өзгерістер енгізілмек. Мысалы, болашақ қызметкерлерді алдын ала дайындайтын жүйе пайда болады. Тәлімгерлік институты да күшейтіледі. Бұдан бөлек, заңбұзушылықтың алдын алатын арнайы қызмет құрылып, ол тәртіпті бақылап, шағымдарды қарайды және қажет болса, қызметкерлерді сотта қорғайды.
Сондай-ақ барлық кадрлық процес цифрландырылады. Енді жұмысқа қабылдау, яғни бос орынды таңдаудан бастап жұмысқа тағайындалғанға дейінгі процестер толықтай «E-қызмет» жүйесі арқылы онлайн жүреді. Жүйе мемлекеттік қызметшілермен қатар, мемлекеттік заңды тұлғалардағы басқарушы лауазымдарға үміткерлерді де қамтиды.
Бұдан бөлек, заң жобасында мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары күшейтіледі. Енді оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі нақты әрі әділ болады. Яғни қандай жағдайда жаза жеңілдетіледі, қай кезде күшейтіледі немесе мүлде қолданылмайды — бәрі анық көрсетіледі.
Тәртіптік жаза қолдану мерзімі де өзгермек. Ол құқықбұзушылықтың ауырлығына қарай 2 айдан 6 айға дейін белгіленеді. Сонымен қатар, қызметкердің тәртібі түзелсе, жазаны мерзімінен бұрын алып тастауға мүмкіндік болады.
Сонымен қатар, тәртіптік жазаға жатпайтын құқықтық ықпал ету шаралары енгізіледі. Мемлекеттік қызметшілер кәсіби қызметіне заңсыз араласудан, негізсіз айыптаулардан және басқа да заңсыз әрекеттерден қорғалады.
Тағы бір жаңалық — уақытша бос тұрған «Б» корпусының әкімшілік лауазымдары бойынша міндеттерді орындау үшін конкурссыз қабылдау ұсынылады. Мұндай тұлғалармен бір жылға еңбек шарты жасалып, бұл кезең мемлекеттік қызмет өтіліне енгізіледі
Ал шаруа қожалықтарының мүшелері мен жеке кәсіпкерлер мемлекеттік қызметке келсе, 6 ай ішінде бизнесін тоқтатып, мүлкін басқаға беруі тиіс. Осы уақыт ішінде олар кәсіпкерлікпен айналыса алмайды және өз мүлкін басқаруға құқығы болмайды.