$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.07.2020, 14:17
Қоғам

«Пневмониясы бар науқастар 14%-ға азайды»: елорда әкімдігі карантиннің пайдасы жайлы

Қазақстанда карантин режимі 2 тамызда аяқталады

«Пневмониясы бар науқастар 14%-ға азайды»: елорда әкімдігі карантиннің пайдасы жайлы
фото: astana.gov.kz

5 шілдеден бастап Қазақстанда карантин шаралары енгізілгелі бері Нұр-Сұлтан қаласында медицина қызметкерлері мен медициналық мекемелеріне түсетін салмақ азайған. Егер бұрын күніне 500-ге жуық науқас келіп түссе, қазір бұл көрсеткіш екі есеге дейін төмендеген. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

«Сауығып кеткендердің саны да 2 есе артып, бүгінде күніне 400-ге жуықтады. Сонымен қатар жедел жәрдем станциясына келіп түскен шақыру тәулігіне 2800-ден 1600-ге дейін азайды. Сондай-ақ пневмониясы бар науқастар 14% азайды», - делінген хабарламада.

Карантин шаралары мен амбулаторлық емдеу нәтижесінде төсек-орын қажеттілігі 99%-дан 73%-ға дейін төмендеді. Мәселен, «Орталық теміржол ауруханасында» карантинге дейін COVID-19 анықталған 230 науқас болса, қазір 124 науқасқа дейін, №1 қалалық ауруханада науқастар саны 760-тан 500-ге дейін, №3 қалалық ауруханада 475-тен 320 науқасқа дейін қысқарды.

«Пандемия басталғалы бері стационарлар саны 3-тен 14-ке дейін артты. Бұл – 4 мыңға жуық төсек-орын. Қалада коронавирус жұқтырған 6899 науқас тіркеліп, оның жартысынан көбі яғни, 4321 науқас емделіп шықты», - делінген басқарма мәліметінде.

Еске салайық, Қазақстанда карантин режимі тағы 2 аптаға созылады. Үкімет басшысының айтуынша, карантин 2 тамызда аяқталады. 

Серіктес жаңалықтары