Адам құқығы, цифрлық қауіпсіздік және әлеуметтік қорғау: жаңа Конституция қандай өзгеріс әкеледі
Ата заңның жобасы азаматтардың құқықтарын кеңейтіп қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтпақ
Республикалық референдумға шығарылатын жаңа Конституция жобасы ең алдымен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Құжатта Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі бағыты сақталып қана қоймай, адамдардың әл-ауқаты, қауіпсіздігі және лайықты өмір сүруі үшін жаңа кепілдіктер қарастырылған. Жаңа Конституцияда медицинадан бастап цифрлық қауіпсіздікке дейін, еңбек құқықтарынан экология мәселелеріне дейін көптеген маңызды сала қамтылған. Ең бастысы – бұл өзгерістер қарапайым халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нормалар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау: емдеуден бұрын аурудың алдын алу
Қоғамда денсаулық сақтау жүйесіне сын көп айтылады, әсіресе адамның ауруы асқынған кезде ғана медициналық қызмет көрсетіледі деген пікір бар. Жаңа Конституция жобасы осы көзқарасты өзгертуге бағытталған.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Мұрат Әбеновтің айтуынша, мемлекет ауруды емдеумен ғана шектелмей, оның алдын алуға, ерте диагностика жасауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға басымдық береді.
«Қазіргі Конституцияда азаматтың емделуге құқығы бар. Алайда іс жүзінде мемлекет медициналық көмекті белгілі бір тізім арқылы ғана көрсетеді, яғни емдеу де, дәрі-дәрмек беру де көбіне сол тізіммен шектеледі. Ал жаңа Конституция адамның тек емделуіне емес, ең алдымен денсаулығының жақсы болуына кепілдік беруді көздейді. Бұл дегеніміз, медицина жүйесі ауруды емдеуге ғана емес, оның алдын алуға бағытталады. Яғни адам ауырып, ем іздегенше, мемлекет оның ауырмауы үшін жағдай жасауға мүдделі болуы керек. Сондықтан біз Конституцияға дәл осындай қағидатты жазып отырмыз», – дейді ол.
Әбенов көп жағдайда медициналық көмек кеш көрсетілетінін де сынға алды. Оның айтуынша, дамыған елдерде дәрігерлер ауруды бастапқы кезеңінде тоқтатуға күш салса, бізде мәселе асқынғаннан кейін ғана шешіледі.
«Қазір медицина саласында неге ұрлық көп? Себебі барлығы адамның ауырғанын қалап тұрады. Ауруы асқынса, соған сәйкес көп қаражат бөлініп, қымбат ем немесе операция жасалады. Кейде дәрігерге барсаң, «сен әлі операцияға жеткен жоқсың, ауруың піссін» деген сөз естисің. Неге «пісуі» керек? Басқа елдерде керісінше, ауруды сол жерінде тоқтатуға тырысады», – дейді депутат.
Мемлекеттің басты капиталы – адам
Жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлініп отыр. Құжатта адамның интеллектуалдық дамуы, шығармашылық және инновациялық қызметі мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде қарастырылады.
«Қазіргі Конституцияда мемлекет негізінен орта білімге ғана кепілдік береді. Ал жаңа Конституция жобасында бұл ұғым әлдеқайда кеңейтілген. Яғни мемлекет бастауыш және орта білімге, азаматтардың өмір бойы ғылыммен, шығармашылықпен және инновациямен айналысуына жағдай жасауға кепілдік береді. Сонымен қатар авторлық құқықтарды қорғау мәселесі де ерекше назарға алынып отыр. Себебі бізге сапалы, білімді, еркін ойлай алатын адам қажет. Біздің ең үлкен құндылығымыз да, ең басты байлығымыз да – жердің астындағы табиғи ресурс емес, адам. Дәл сол адам жаңа технология ойлап табады, білімді адам жаңа инновация жасайды, жаңа идеялар ұсынады. Еркін сөйлейтін, еркін ойлайтын адам ғана өз ойын ашық айтып, өз идеясын жүзеге асыра алады», - дейді комиссия мүшесі.
Әбеновтің пікірінше, қоғамның дамуы да, экономиканың алға жылжуы да, технологиялық жаңғыру да ең алдымен білімді әрі еркін ойлайтын азаматтарға байланысты.
«Менің ойымша, жаңа Конституцияда осы қағидаттың айқын көрініс табуы – өте дұрыс шешім», – дейді ол.
Сотсыз тәркілеуге жол берілмейді
Жаңа Ата заңның жобасында азаматтардың жеке меншігін қорғау мәселесі де ерекше маңызға ие. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің пікірінше, азаматтың жеке мүлкіне қол сұғу тек сот шешімі арқылы ғана жүзеге асуы тиіс. Бұл – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі.
«Біз тұрғын үйге ғана емес, жалпы адамның ақшасына, банктегі есепшоттарына соттың шешімінсіз қол сұғуға қарсымыз. Өкінішке қарай, қазір мұндай келеңсіз жағдайлар кездесіп жатады. Мысалы, кейде нотариус сотқа жүгінбей-ақ белгілі бір құжат рәсімдеп, соның негізінде адамның үйі тәркіленіп кетеді. Біз бұған қарсымыз. Өйткені азаматтың мүлкіне қатысты кез келген шешім міндетті түрде сот арқылы ғана қабылдануы тиіс. Менің ойымша, бұл – ең дұрыс әрі әділ шешім», - дейді фракция мүшесі.
Оның айтуынша, қазіргі жүйеде кейбір тетіктер банктердің мүддесіне көбірек жұмыс істейтіндей көрінеді. Соның салдарынан азаматтар түрлі қаржылық қиындыққа тап болып жатыр.
«Қазір барлығы банктер үшін жасалғандай әсер қалдырады. Банктер адамды қарызға кіргізеді, ал қарыздардың көбі – жалған несие және алаяқтық. Сол арқылы адамның үйін, автокөлігін тартып алады, ақшасы мен шоттарын бұғаттап тастайды», - деп жалғастырды сөзін Әбенов.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасында осы мәселелерді жүйелі түрде реттеу көзделген. Ең бастысы – азаматтардың мүлкіне қатысты кез келген шешім тек сот арқылы қабылдануға тиіс.
«Сондықтан біз кез келген мүлікті тәркілеу сот шешімімен ғана жүзеге асуы керек деп айтып отырмыз. Қазірдің өзінде бір жарым миллионға жуық адамның банктік шоты бұғатталған немесе жабылған. Егер жаңа Конституция қабылданса, осы мәселелерді қайта қарап, азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында нақты қадамдар жасауымыз керек», – деп санайды ол.
Оның пікірінше, жеке меншікті қорғау тетіктерінің күшеюі азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайтуға да ықпал етеді.
Неке ұғымы нақтыланды
Жаңа Конституция жобасында қоғам үшін маңызды бірқатар әлеуметтік норма нақты көрсетіліп отыр. Соның бірі – неке ұғымының алғаш рет «ер мен әйелдің тең құқықты одағы» ретінде айқындалуы.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлының пікірінше, бұл өзгеріс қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен отбасы құндылықтарын нығайтуға қызмет етеді. Оның айтуынша, тарих пен әлемдік тәжірибе қоғамның тұрақтылығы көбіне отбасылық қатынастардың беріктігіне байланысты екенін көрсетеді.
«Бұл жаңа Конституциядағы ең басты нормалардың бірі. Тарих та, қазіргі әлемдік тәжірибе де көрсеткендей, адамның табиғи қарым-қатынастың әдебінен тыс әрекеттері қоғамның әлсіреуіне, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін. Біріншіден, бұл норма некеде әрбір тараптың құқығы мен міндеті тең екенін Конституция деңгейінде бекітеді. Бұл, мысалы, мүлікке, балаға, алиментке қатысты құқықтық дауларда айқындық береді. Екіншіден, отбасы институтын қорғауға бағытталып отыр. Қазір қоғамда дәстүрлі отбасы құндылықтарын қолдау, некеге кірген адамдардың әлеуметтік және құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды. Үшіншіден, гендерлік теңдік принципі бойынша әйелдер мен ерлердің мүмкіндігі теңестіріледі, бұл отбасылық зорлық-зомбылық, экономикалық теңсіздік мәселелерін төмендетуге ықпал етеді», - деді мәжілісмен.
Қысқасы, бұл норма, әсіресе қазіргі кезде гендерлік саясат пен отбасы құндылықтарын үйлестіру мақсатында құқықтық және әлеуметтік тұрақтылықты күшейтеді, деп атап өтті ол.
Дербес деректер қалай қорғалады?
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жеке өмір мен дербес деректерді қорғауды күрделендіріп отыр. Онлайн-платформалар арқылы адамдар туралы деректерді жинау, жасанды интеллектімен профильдеу, геолокациялық бақылау жүргізу және кибершабуылдар жиі кездеседі. Мұндай жағдайлар азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіруі мүмкін, сондықтан жаңа Конституция жобасында бұл бағыт ерекше назарға алынған.
«Тәуекелдерді ескере отырып, жаңа Конституцияның 21-бабына цифрлық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау нормасы енгізілуде. Бұл нормалар азаматтарға деректерін көру, түзету, жою құқығын береді, ал дербес деректерді заңсыз жинаған немесе пайдаланған ұйымдарға айтарлықтай жауапкершілік жүктеледі», – дейді депутат.
Жаңа норма азаматтарға өз дербес ақпараттарын толық бақылауға алу мүмкіндігін береді. Бұл тек құқықтық кепілдік қана емес, сонымен қатар азаматтардың сандық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі саналады. Бұған қоса, заңсыз деректерді жинаған немесе пайдаланған ұйымдарға жауапкершілік енгізілуі цифрлық алаяқтық пен жеке өмірге қатысты заңсыз әрекеттерді азайтуға ықпал етпек.
Азаматтар дербес деректерін Конституция деңгейінде қорғау құқығына ие болған кезде, қоғамда сенімділік пен қауіпсіздік деңгейі артады, ал мемлекеттік органдар мен бизнес жеке мәліметтерді заңға сәйкес басқаруға міндетті болады.
Еңбек құқықтары: жаңа экономиканың жаңа ережелері
Жаңа Конституция жобасы еңбек қатынастарына да өзгеріс енгізеді. Бұған дейін көптеген әлеуметтік кепілдік тек ресми еңбек шарты бар қызметкерлерге ғана қатысты болатын.
Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, жаңа редакцияда бұл құқықтар кеңейеді. Яғни демалыс алу, жұмыс уақытының ұзақтығын реттеу және еңбек қауіпсіздігіне қатысты кепілдіктер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да қатысты болуы мүмкін. Бұл әсіресе цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтіндер үшін маңызды. Мысалы, такси жүргізушілері, курьерлер немесе онлайн қызмет көрсететін мамандар көбіне дәстүрлі еңбек шартынсыз жұмыс істейді.
Жаңа нормалар осы санаттағы азаматтардың да әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Таза Қазақстан» қағидаты
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты сақтау мәселесі соңғы жылдары қоғамда ерекше маңызға ие бола бастады. Климаттың өзгеруі, өндірістік қалдықтардың көбеюі, ауаның ластануы мен су ресурстарының азаюы экологиялық қауіпсіздікке деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп жатыр. Осындай жағдайда жаңа Конституция жобасында табиғатты қорғауға қатысты нормалардың күшейтілуі – қоғам сұранысына берілген маңызды жауап.
«Ұсынылып отырған жаңа Ата заң жобасында «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық акциясы конституциялық нормаға айналғаны құптарлық жағдай. Жыл өткен сайын табиғатты сақтаудың маңызы артып келеді. Бұл жұмыс тек сенбіліктермен шектелмеуі керек, бұл әрбір қазақстандық азаматтың жеке құндылығына айналуы тиіс. Сонда ғана табиғатты қорғау мүмкін болады. Яғни таза ауаға, судың сапасына, қоршаған ортаның қауіпсіздігіне үлес қосуы тиіс. Жаңа норма ауылдық жерлерде су, топырақ және орман ресурстарын заңмен қорғауға, қалада экологиялық стандарттар, таза көлік, қоқыс пен өндіріс қалдықтарын реттеуге мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді Жарқынбек Амантайұлы.
Оның пікірінше, экология мәселесінің Конституция деңгейінде бекітілуі Қазақстанның тұрақты даму қағидаттарына берік ұстанымын көрсетеді. Бұл табиғатты қорғауға бағытталған норма ғана емес, болашақ ұрпақтың қауіпсіз өмір сүру ортасын қамтамасыз етудің маңызды кепілі.