$ 498.09  577.34  6.41
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 11:16
Қоғам

Енді шетелге кеткен ата-анадан алимент өндіру жеңілдейді: Мәжіліс хаттаманы ратификациялады

Қазақстандық балалардың алиментке құқықтары Минск конвенциясына қатысушы мемлекеттерде қорғалады

Енді шетелге кеткен ата-анадан алимент өндіру жеңілдейді: Мәжіліс хаттаманы ратификациялады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент Мәжілісі 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, хаттама ТМД мемлекеттері арасында сот актілерін өзара тану тетігін кеңейтеді. Енді мұндай актілер қатарына кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру туралы сот бұйрықтары тікелей енеді.

«Хаттаманың негізінде – баланың мүддесі тұр. Мысал келтірейік. Ата-ананың бірі баламен бірге Қазақстанда тұрады. Ал, екінші ата-ана ТМД-ның басқа мемлекетіне қоныс аударған. Қазақстан соты алимент өндіру туралы сот бұйрығын шығарды. Бүгінгі күні шетелде мұндай бұйрықты тану рәсімі толық сот процесінен кейінгі шешімді танудан қиынырақ. Ал, аталған ратификациядан кейін сот бұйрығы Конвенция аясында тікелей танылады; рәсім түсінікті әрі болжамды болады; сонымен қатар, нақты орындалады. Бала үшін бұл – құқықтық жаңалық емес, бұл – оның негізгі өмірлік қажеттілігі», - деді Сәрсембаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Яғни, Қазақстан соты алимент төлеу туралы бұйрық шығарса, борышкер басқа ТМД елінде жүрсе де, ол ел бұл шешімді мойындап, орындауға міндетті болады.

Министрдің айтуынша, хаттамада борышкердің тиісінше хабардар етілгенін міндетті түрде растау талабы көзделген. Егер бұйрық тапсырылмаса, оны танудан бас тартылуы мүмкін. Яғни, құқықтық тепе-теңдік орнайды деген сөз.

«Демек, біз баланы қорғаймыз. Бірақ екінші ата-ананың қорғану құқығын бұзбаймыз», - деді ол.

Сәрсембаев құжаттың Қазақстан үшін практикалық маңызына да тоқталды.

«Өздеріңізге мәлім, Қазақстан – ашық мемлекет. Азаматтарымыз шетелде жұмыс істейді, тұрады, отбасы құрады. Алайда трансшекаралық отбасылық даулар саны артып барады. Мұндай істердегі ең ауыр мәселе – ажырасу емес. Ең ауыр мәселе – алименттің төленбеуі. Мемлекет сырттай бақылаушы бола алмайды. Біз халықаралық ынтымақтастық арқылы юрисдикциямыздан тыс жерде де жұмыс істейтін тетік құруға міндеттіміз», - деді министр.

Айтуынша, соңғы төрт жылда (2021–2025 жылдары) мұндай өтініштердің саны 102-ге жеткен.

  • Хаттаманы ратификациялау:
  • баланың құқықтарын қорғауды күшейтеді;
  • тараптар мүддесінің теңгерімін қамтамасыз етеді;
  • сот актілерінің орындалуын арттырады;
  • конституциялық жаңару бағытына сәйкес келеді;
  • сонымен қатар, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтады деп атап өтті ведомство басшысы.