«Сүйінші!»: «Отбасы банктің» төрайымы қазақстандықтарға жақсы жаңалығын айтты
Бір аптадан кейін банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдай бастайды
Шамамен бір аптадан кейін, дәлірек айтқанда, 10 наурыз күні «Отбасы банк» «Наурыз» бағдарламасы бойынша ипотека беруге өтініш қабылдай бастайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл жақсы жаңалықты банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазып, халықтан «сүйінші» сұрады.
«Сүйінші!«Наурыз» бағдарламасын бастаймыз. Өтініш 10 наурыздан бастап қабылданып, 31 наурыз күні аяқталады. Бұл бағдарламаны күткендеріңізді білеміз, сондықтан, бағдарлама шарттарын өзгерткен жоқпыз. Биыл баспаналы болып, қоныс тойын тойлаңыздар», - дейді ол желідегі видеосында.
Бағдарлама шарттары
Таза әрленген жаңа пәтерді сатып алу үшін бастапқы жарна 10%-дан, ал әрленбеген немесе қайталама тұрғын үй үшін 20%-дан басталады. Сыйақы мөлшерлемесі әлеуметтік осал топтар үшін 7%-дан (ЖТСМ 7,1%-дан), басқа қатысушылар үшін 9%-дан (ЖТСМ 9,4%-дан) есептеледі.
Несие сомасының ең жоғары мөлшері өңірлер үшін — 30 миллион теңге, ал Астана мен Алматы қалалары үшін — 36 миллион теңге көлемінде. Несие 19 жылға дейін беріледі.
Бағдарлама аясында Астана, Алматы және облыс орталықтарында тек жаңа тұрғын үйлердегі пәтерді сатып алуға болады. Ал моноқалалар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін бірінші және екінші нарықтағы үйлер ұсынылады. Барлық тұрғын үй нысаны Baspana Market порталы арқылы таңдалады.