$ 501.26  590.38  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 14:50
Қоғам

Қазақстан паспорты түбегейлі өзгереді: ескі құжаттарды жаппай ауыстыру қажет пе

ІІМ мүлде жаңа дизайнмен шығатын төлқұжаттың бағасы өзгере ме деген сұраққа да жауап берді

Қазақстан паспорты түбегейлі өзгереді: ескі құжаттарды жаппай ауыстыру қажет пе
Фото: © freepik.com / amixstudio

Қазақстанда он жеті жылдан бері еш өзгермеген көк түсті паспорттың жаңа дизайны әлі әзірленіп жатыр. Ішкі істер министрлігі Azattyq Rýhy ресми сауалына берген жауабында төлқұжаттың жобалау кезеңінде екенін растады. Жаңа үлгідегі паспорт қандай болады? Дизайн өзгерсе, азаматтар қолындағы құжаттарын жаппай ауыстыруы керек пе? Толығырақ біздің материалда.

Айта кетері, паспорттың дизайны өзгеретіні туралы алғаш рет былтыр мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жария еткен. Оның айтуынша, мамандар жаңа дизайнға 2025 жылғы ақпанда кіріскен. Дизайн тұжырымдамасында Қазақстанның бірегей ерекшеліктері, ұлттық болмысы, мәдени әртүрлілігі мен елдің көрікті жерлері қамтылмақ.

Арада бір жыл уақыт өтсе де, паспорттың жаңа дизайны әлі дайын болмаған.

«Қазақстан Республикасы азаматының паспортының жаңа дизайны әзірленуде, қазіргі күні ол жобалау кезеңінде. Жобалау кезеңінен өткеннен кейін ғана дизайнымен танысу мүмкіндігі болады. Жаңа паспорттың дизайнын әзірлеу барысында Азаматтық авиация халықаралық ұйымының талаптарына сәйкес құжатқа қосымша қорғаныс элементтерін енгізу бойынша озық технологияларды қолдану көзделіп отыр», - деп жауап берді Ішкі істер министрлігі.

Осы орайда ІІМ былтыр қолданыстағы паспортқа қосымша қорғаныс элементі ретінде «Барыс» бейнесі бар HDM элементі енгізілгенін еске салды.

HDM (High Definition Metallization) – бұл құжаттарды қорғаудың заманауи технологиясы. Ол екі деңгейде жұмыс істейді:

  • бірінші деңгей – қарапайым көзбен көрінетін элементтер арқылы сәйкестендіру;
  • екінші деңгей – тек микроскоп немесе үлкейткіш әйнек арқылы анықталатын кішкентай элементтер.

Бұл технология паспорттың түпнұсқалығын тез тексеруге мүмкіндік береді және оны қолдан жасауды қиындатады.

Төлқұжатқа «Барыс» бейнесі де кездейсоқ таңдалмаған.

«Барыс» бейнесі Қазақстан мен жалпы Орталық Азия үшін символдық және мәдени маңызды образ ретінде таңдалды. Барыс дәстүрлі түрде күш, еркіндік және тектілік сияқты ұғымдармен байланысты. Сонымен қатар, Барыс Қызыл кітапқа енген, бұл кескінге символизмнің қосымша қабатын береді және көпшіліктің қызығушылығын тудырады», - деп атап өтті ведомстводағылар.

Жаңа дизайн шықса, ескілерін жаппай ауыстыру қажет пе

ІІМ қазақстандықтарға алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Жаңа үлгідегі паспорт шыққан күннің өзінде, қолданыстағы төлқұжаттар өз мерзіміне дейін жарамды болып қала береді, яғни оларды жаппай ауыстырудың қажеті жоқ.

«Паспорттың дизайны өзгерген күннің өзінде қолдану мерзімі аяқталмаған қолданыстағы паспорттар жаппай ауыстырылуға жатады деген ұғым халық арасында қалыптаспауы тиіс. Олар қолдану мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады және кезең-кезеңімен құжат иесінің қалауы бойынша ауыстырылуға жатады», - деп сендірді олар.

Жаңа паспорттың дизайнын Ішкі істер министрлігі бекітеді, ал оны әзірлеуге жетекші дизайнерлер мен мамандар бірге қатысады. Қазіргі кезде бұл тек жоба болғандықтан жаңа дизайн әлі нақтыланып бекітілмеген, сол себепті қашан қолданысқа енгізілетіні де белгісіз.

Төлқұжаттың бағасы өзгере ме

Әрбір паспортты жасау белгілі бір өндірістік және технологиялық шығындарды қажет етеді. Құжатты алу үшін мемлекеттік баж салығы Салық кодексінде көрсетілген мөлшерде төленеді. Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, паспорттың жаңа дизайны шықса да, баж салығы бойынша айтарлықтай өзгерістер күтілмейді.

Елімізде 2024 жылғы 1 қаңтардан бері  24, 36 және 48 беттік паспорттар дайындалады. Сәйкесінше оның бағасы да әртүрлі.

Мәселен, 24 беттен тұратын паспорт 16 жасқа толмаған балаларға жасына қарай мерзімі 5 жылға (14 жасқа дейін) және 10 жылға (14 жастан 16 жасқа дейін) беріледі. Баж салығы 4 АЕК немесе биыл 17 300 теңгені құрайды.

36 беттен тұратын паспорт 16 жастан асқан азаматтарға 10 жылға беріледі, құны – 8 АЕК немесе 34 600 теңге.

48 беттік паспорт әсіресе шетелге жиі шығатын азаматтар үшін қолайлы, оның да мерзімі 10 жыл, ал бағасы – 12 АЕК немесе 51 900 теңге.

ІІМ ақпаратынша, 2025 жылы Қазақстанда 1,2 миллионға жуық жаңа паспорт дайындаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп, 2020-2022 жылдары – 500-900 мыңға дейін берілсе, 2023 жылдан бері 1 миллионнан асып келеді.

Қазақстандық паспортты қолдан жасау мүмкін бе?

Ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматының паспортын қолдан жасау мүмкін емес екенін атап өтті. Себебі төлқұжатта қорғаныс элементтері көп.

«Өкінішке қарай, азаматтар паспорттарын жоғалтып алып жатады, мұндай фактілер де аз емес және жоғалған құжаттар қылмыстық элементтермен екінші айналымға түсу қаупі туындауы мүмкін. Сол себепті әрбір азамат қолындағы құжатына мұқият болып, оның сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Алайда ұрланған, жоғалған паспорттар қылмыстық элементтермен қандай да бір мақсатта қолдану әрекеттері нөлге тең, себебі Қазақстан паспорты халықаралық стандарттарға сай және көптеген қорғаныс элементтерімен жабдықталған, бұл оларды жалған жасау мүмкіндігін болдырмайды», - деп мәлімдеді ІІМ.