Рамазан-2026: Қазақстанда пітір садақа мөлшері 735 теңге болып бекіді
Бүгін Мүфтият алқа мәжілісін өткізді
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы биыл, 2026 жылғы Рамазан айындағы пітір садақаның мқлшерін 735 теңге көлемінде бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мүфтият жазғандай, бүгін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айына орай өткен Төралқа мәжілісін өткізген.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады», - деп жазған мүфтият өз сайтында.
2026 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп, төмендегідей бекіді:
- Бидай 2 кг – 318 теңге.
- Ұн 2 кг – 735 теңге.
- Арпа 4 кг – 514 теңге.
- Мейіз 2 кг – 6400 теңге.
- Құрма 4 кг – 12400 теңге.
«Қазір бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат бар», - деп жазады мүфтияттың ресми сайты.
Дереккөзге сүйенсек, осыған орай 2026 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 735 теңге етіп белгіленді.
«Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (6400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12400 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 4000 (төрт мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді», – деп жазылған сайтта.