Отандық денсаулық сақтау жүйесі берілген уақытты тиімді пайдалана алмады – депутат
Дана Нұржігіт індетпен күресте үрейге берілмеуге шақырды
Соңғы екі апта қазақстандықтарға ауыр тиіп жатыр. Ел медицинасының пандемияға толықтай дайын болмауының салдарынан коронавирустың жаппай өршуі, ауруханаларда өкпені жасанды желдету аппараттарының жетіспеушілігі, бір үйден бірнеше адамның індеттен көз жұмуы толастар емес. Осыған орай Azattyq Rýhy тілшісі тележурналист, Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігітоваға хабарласып, елдегі орын алып жатқан жағдайға қатысты пікір сұрап, аз-кем сұхбаттасқан еді.
– Дана ханым, қазіргі елде орын алып жатқан жағдаймен жақсы таныссыз. Дәл осындай сценариге биліктің де, халықтың да дайын болмағаны анық. Енді жағдай қалай болады деп үрейленіп отырған халыққа не айтасыз?
– Қаһарына мінген індетпен күресте дәл қазір керегі - үрейге берілмеу! Күресті тоқтатпау! Шілденің басында саны 400 ғана болған мобильді әмбебап топтардың саны ай соңында 3,5 мыңға дейін жеткізіледі. ПТР-тест тапсыру орталықтары тәулігіне 40 мыңға дейін сараптама жасайтын болады. Дәріханаларға парацетамол, антибиотиктер сынды қажетті медикаменттер жеткізіледі. Дәрігерлер ақпараттық жұмысты күшейтетін болады. Індетпен күреске бөлініп жатқан қаражат үздіксіз, жіті бақылауға алынады. Халық қиналып жатқанда, есебін түгендеп жанталасқан арсыздардың жолы кесіледі!
– Бүгінгідей жағдайға жетуімізге кім кінәлі?
– Наурыз айында жарияланған төтенше жағдай мен алғашқы карантин індетке қарсы шараларды шұғыл қолға алып, шетелдік тәжірибелерді ескеріп, көзге көрінбес жауды сақадай сай қарсы алуға қажетті алтын уақыт еді. Өкінішке қарай, бүгінгі жағдай отандық денсаулық сақтау жүйесі берілген уақытты тиімді пайдалана алмағанын көрсетіп отыр. Президент індеттің алғашқы күнінен бастап ең ауыр сценариге дайын отыруымыз керек демеді ме?! Яғни, бірінші карантиннен кейін халық қауіптің сейілмегенін ескермейтіні, ауруханадағы орындардың жетіспеуі, алыпсатарлардың көбеюі, халықтың психологиялық ауыр жағдайға түсуі, дәрі-дәрмектің жетіспей қалуы, жаңа вирустың емдеу хаттамасы ресми түрде өзгеріп тұрғаны, емдік шаралардың бірізділікке бірден түспеуі, халық өздігінен ем іздей бастауы денсаулық жүйесіндегі үйлестіру жұмысы мамандарының алдын ала зерттелетін жұмыстары еді ғой! Жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау мен ынталандыру – менеджердің мызғымайтын төрт қағидаты. Осының барлығына бүгін Президент тиісті бағасын беріп, бұл жағдайдан сабақ аламыз деді.
– Мемлекет басшысы 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Өзіңіз атап өткендей, үрейге беріліп, атқамінерлерден қолдау күтіп отырған халыққа не айтасыз?
– Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлы Сабыр Адайдың «Әр қазақ менің жалғызым» деген бір ауыз сөзімен бүгінде қара жамылған әр қазақтың шаңырағына көңіл айтты. 13 шілдені АЗА ТҰТУ күні деп жариялады.
Індетпен күресіп жатқан әрбір жанға Жаратқан күш-қуат бергей! Қара жамылған жұртқа қайғырып көңіл айтамын! Бекем болыңыздар! Барлық сақтық шараларын орындап, абай болайық!