Алматы облысында бес балалы отбасы лашықта тұрып жатыр
Олардың баспанасы өртеніп кеткен
Алматы облысында бес балалы отбасы қаңылтырдан тұрғызылған лашық үйде тұрып жатыр. Ауа райының қолайсыздығы, аурудың өршіп тұрғанына қарамастан, 7 жан адам төзгісіз жерде жиырма күннен бері өмір сүріп келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Көпбалалы отбасының үйі биыл 21 маусым күні таңға жуық өртеніп кеткен. Шырт ұйқыда жатқан жеті жанды көршілері құтқарып қалған екен. Ал ұйытқи соққан жел жалынды одан ары күшейтіп, үйдің шатыры ортасына опырылып құлаған.
«Шатыры жанып жатқан кезде өрт сөндірушілер жетті. Бірнеше күннен кейін үйдің қабырғасы да құлап қалды. Өртті сөндіреміз деп су шашқандықтан қабырғасы да бұзылған. Балаларым қабырғаның қасында ойнап жүрген еді, гүрс етіп құлағанда қашып үлгерді. Қаңылтырдан қабырға жасап, сол жерде тұрып жатырмыз. Түнде салқын, күндіз ыстық. 4 жастағы кенжем ауырып қалмасын деп көршілерге барып қонамын арасында. Басқа балаларым қаңылтырдан жасап алған шатырда жатыр. Пандемия өршіп тұрған кезде ауыртып алмасақ екен деп қорқып жүрмін», - дейді көпбалалы ана Гүлжазира Әшімбаева.
Талғар ауданының Еламан ауылында баспанасыз қалған отбасы жомарт жандардан көмек сұрайды. Олар құрылыс материалдарына да, қаржылай көмекке де зәру. Гүлжазираның сөзінше, үйдің отағасы жанар-жағармай бекетінде мардымсыз жалақыға жұмыс істейді. Ал, балалардың жәрдемақысы тамақтан артылмайды. Соған қарамастан, олар үйдің іргетасын өздері құйғалы жатыр. Оқиғаны көзімен көрген ауылдық округтің әкімі 20 мың теңгеге сплитер блок қана алып бере аламыз деп кеткен екен.
«Әкім 20 мың теңгеге 200 кірпіш алып береміз деп кеткен. Онда да нақты емес, айтылған күйінде қалды. Ол кірпішті бергеннің өзінде, неге жетеді? Үйді толықтай қайта салу қажет. 9 жылдан бері тұрып келе жатқан баспанамыз еді, жанып кетті, әлі қоламта иісі шығып жатыр. Ертең балалардың оқуы басталса қайтеміз? Шатыр қолайсыз болса да өмір сүріп жатырмыз. Күйеуімнің айлығы несие мен тамақ алудан аспайды», - дейді көпбалалы ана.
Оның айтуынша, көмекті әкімдік емес, қарапайым тұрғындар, ауыл мұғалімдері көрсетіп жатыр екен.
«Көршілердің арқасында аман қалдық. Есікті таппай, бәріміз шулап, жылап жатыр едік, дер кезінде көмектесті. Қазір мұғалімдер ақшалай көмек беріп жатыр. Ерлік есімді мұғалім 30 мың теңге беріп кетті. Жиналса, тағы әкелемін деп уәде берді», - дейді Гүлжазира Әшімбаева.
Қайырымдылық шарасын ұйымдастырмақ болған Еламан ауылының мұғалімі қазір демеушілер таппай жүргенін айтады. Сөзінше, ауылда әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар өте көп. Көбі тірліктің қамы үшін қалаға жақындау мақсатында алыс ауылдардан келген қазақтар. Ұстаздық пен қайырымдылықты қатар алып жүрген Ерлік Тілеубайұлы мен Бірлік Кәрінбаев карантин басталғалы бері демеуші іздеуді әдетке айналдырған. Төтенше жағдай басталғалы бері олар тоқсан отбасына көмек көрсеткен. Күз басталмай олар көмір іздеуге шықпақ. Өйткені, әлі газ бармаған ауылдың халқы қара суықта көмір де ала алмай, жаурап отырады екен.
«Үйі өртенген көп балалы отбасыға шұғыл көмек керек. Асар арқылы баспана салсақ деген ойымыз бар. Жалғамыс пен Еламан ауылында жағдайы төмен жетпіске жуық отбасы бар. Демеуші табу, азық-түлік тарату, көмір түсіріп беруді Берік есімді әріптесіміз екеуіміз мойнымызға алғанбыз. Қазір Гүлзажира апайдың отбасына шұғыл қаржы іздеп жүрміз. Ауданда "Әділ" және "Пони" деген екі қор, сосын келесі ауылда "Шығыс" атты көмір базасы бар. Солар арқылы жүздеген отбасының мәселесін шешіп келдік. Қазір демеушілерді табу да, олармен келісімге келу де қиын. Өзге де жомарт жандарды іздеуден жалықпаймыз», - дейді еламандық ұстаз Ерлік Тілеубайұлы.
Ал, баспанасыз қалған Әшімбаевтардың отбасы қаңылтыр шатырда тағы қанша уақыт тұратыны белгісіз.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы