$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.07.2020, 12:20
Қоғам

Қазақстан халқына керек дәрі-дәрмектің тек 12%-ы ғана өзімізде өндіріледі– Бердібек Сапарбаев

Әкім Жамбыл облысындағы дәрі-дәрмек тапшылығын шешу үшін көрші елдерден дәрі жеткізілетінін айтты 

Қазақстан халқына керек дәрі-дәрмектің тек 12%-ы ғана өзімізде өндіріледі– Бердібек Сапарбаев
Фото: ашық дереккөзден

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев елімізде дәрі-дәрмек тапшылығының орын алуы оны өндірушілердің аздығына байланысты дейді. Оның айтуынша, Қазақстан өз халқына қажетті дәрі-дәрмектің 12%-ын ғана өндіреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұл туралы әкім аймақтағы коронавирустық инфекция бойынша Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Біздің мемлекетіміздің тәртібі бойынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету орталықтанған. Өкінішке қарай, Қазақстан өз халқына керек дәрі-дәрмектің 12%-ын  ғана шығарады. Қалғанының барлығын біз сырттан алып келеміз. Оның үстіне, дәрі-дәрмек бізге ғана емес, басқаларына да керек. Өңірде бізді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін үлкен компаниялар мен кәсіпкерлер жоқ. Негізінен, мұндай мекемелер Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтанда ғана орналасқан. Мен Үкімет отырысында Премьер-министрге өтініш жасап, дәрілерді республикаға бөлген кезде барлық өңірге теңдей бөлу қажет екенін айттым. Біріншіден, әр өңірдің халқының санына қарай. Екіншіден, ауруларына қарай, үшіншіден дәрігерлеріне қарай. Премьер-министр біздің бұл ұсынысымызды қабылдады», - деді ол.

Әкім Жамбыл облысында да дәрі-дәрмек тапшылығын шешу үшін келесі аптада көршілес елдерден дәрі жеткізілетінін мәлімдеді.

«Жергілікті бюджеттен дәрі-дәрмекке қосымша 700 млн теңге бөлінген. Келесі аптаның басында көршілес Өзбекстан мен Ресейден дәрі-дәрмектер келеді. Дәріханалардағы бағалардың шамадан тыс қымбаттап кетуін бақылау үшін, өңір бойынша 43 мониторингті бақылау тобы құрылды», - деді ол.

Айта кететіні, ертеңнен бастап Жамбыл облысының тұрғындары 109 нөміріне хабарласып, дәрі-дәрмек пен ем алу шараларына қатысты сұрақтарына дәрігерлерден жауап ала алады. 

Қазіргі таңда облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 1866 науқас тіркелген.  Бірінші маусымнан бері өңірде 3 адам КВИ-дан көз жұмған.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары