Өкпені компьютерлік томографиядан өткізу неге қиын?
КТ қызметі сақтандырылған азаматтарға МӘМС аясында тегін көрсетілуі тиіс

Коронавирустық инфекцияның және пневмонияның кең тарауынан туындаған эпидемиологиялық жағдай кезінде өкпені компьютерлік томографияға түсіру де қазақстандықтар үшін проблемаға айналды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры хабарлағандай, компьютерлік томография мен МРТ аппараттары елімізде әлі де жеткіліксіз. Өкпесін түсіруге тапсырыс берушілердің тым көбейіп кетуі салдарынан және жеке клиникалардың бағаны қымбаттатып жіберуіне байланысты аталған қызметтерге қолжетімділік төмендеген.
«Шынында да, өңірлерде инфрақұрылымдық мүмкіндіктерге қатысты проблемалар бар. Бұл мәселелер Қордың құзыретінде емес, бірақ жабдықтардың қымбаттығына байланысты компьютерлік томография аппараттары көбінесе орталық қалаларда орналасатынын түсінеміз. Азаматтар үшін дәрігерлер балама ұсынады – бұл аймақтарда қолжетімді рентген-зерттеу», - деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында.
Қор өкілдері компьютерлік томография қызметтері сақтандырылған пациенттерге МӘМС жүйесі аясында амбулаториялық деңгейде тегін көрсетілетінін нақтылады. Ол үшін тиісті симптомдар болған жағдайда тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну керек. Учаскелік дәрігер айғақтарды анықтаған кезде, КТ-ның тегін қызметіне жолдама береді. Бұл жағдайда ол МӘМС арқылы өтеді және Қор қаражатты төлейді.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша КТ және МРТ көрсетілген қызметтер саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5 есе, ал қаржыландыру көлемі – 7 есе (269 млн теңгеден 2 млрд теңгеге дейін) өскен.