Ата Заңға дінді мемлекеттен бөлетін жаңа бап енгізу ұсынылды
Бұл туралы бүгін Конституциялық комиссияның екінші отырысында айтылды
Бүгін Конституциялық комиссияның екінші отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Снежана Имашева Конституцияға ұсынылып отырған бірқатар өзгерістерді атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол бір де бесінші бапқа тоқталып, дінді мемлекеттен бөлетін өзгеріс енгізу ұсынылып отырғанын мәлім етті.
«Бір де бесінші бапқа тоқтала кетейін. Дін мемлекеттен бөлінген. Конституциялық комиссияның бірінші отырысында сөз сөйлеген Серік Ақылбайдың мына сөзін еске салғым келеді: «Қазақстан Республикасы Конституциясының бірінші бабында «Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деп жазылған. Сонымен қатар, Ата Заң мәтінінде діннің мемлекеттен бөліну қағидаты орнықпаған. Аталған қағида зайырлы мемлекет идеясынан туындағанымен, ол ашық және айқын түрде бекітілмеген», - деді Ақылбай мырза. Осыған байланысты, мемлекеттің зайырлы сипатын нығайтатын базалық норманы Конституцияда бекіту және діннің мемлекеттен бөлінгенін көрсетіп, Конституцияны жаңа баппен толықтыру көзделеді», - деді Имашева.
Айта кетейік, бүгін Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтті. Екінші отырыстың жалғасы бүгін түстен кейін, сағат 16.00-де басталады.