«Лауазымды тұлғалар бәрін білген»: аудит Қазақстандағы жекеменшік мектептердің қулығын әшкере етті
Бес жылдың ішінде елдегі жекеменшік мектептердің саны 3 есеге көбейген
Премьер-министр Олжас Бектенов қаржы министрі Мәди Такиевтің жекеменшік мектептердің қаржысына жүргізген аудитінің алдын ала қорытындысын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәди Тәкиевтің сөзіне сенсек, Қазақстанда 2020 жылы жекеменшік мектептердің саны 203 болған. 2025 жылы олардың саны 878 мектепке жеткен.
«Ал, ондағы оқушылардың саны бес жыл ішінде алты есеге, яғни 53 мыңнан 322 мың балаға дейін өскен. Сондай-ақ аталған бағыт бойынша бюджет шығыстарының көлемі 2020 жылғы 13,3 млрд теңгеден 20 есеге көбейіп, 248 млрд теңгеге жеткен», - дейді Тәкиев.
Министр 2025 жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі бытыраңқы әрі бақылаусыз болғанын, сондықтан, деректердің бұрмалануына және бюджет қаражатын теріс пайдалануға жағдай туғанын айтқан.
«Осыған байланысты өткен жылдың соңынан бері жекеменшік мектептерге бөлінетін қаржы Оrta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасына ауысты», - дейді Тәкиев.
Ол аудит тапқан бірнеше заңсыздықтарды тізіп шыққан: Оның ішінде:
- мектептер арасында бірнеше рет ауыстыру және тіркелу арқылы оқушылар санын көбейту фактісі;
- ғимараттардың нақты сыйымдылығын есепке алмай оқушы орындарының санын негізсіз асыра бағалау (нормативтік сыйымдылықтан 3 есе асып кету);
- бюджеттік қаржыландыру алу және сол арқылы салық төлемдерін азайту үшін салық есептілігінде кірісті кем көрсету арқылы еселенген пайда алу;
- күрделі жөндеудің орнына қарапайым және косметикалық жөндеу жүргізу (жобалау және сметалық құжаттамасы болмаған жағдайда) фактілері анықталған.
Үкімет осы заңсыздықтардың бәрін саралай келе, елдегі жекеменшік мектептер балаға білім беруді емес, жеке басының пайдасын ойлаған деген қорытынды жасап отыр.
«Аудит барысында анықталған деректер жекеменшік мектептердің едәуір бөлігі мемлекеттің қаржысын білім берудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету тетігі ретінде емес, бюджет есебінен пайда табу құралы ретінде қарастырғанын көрсетеді. Мұндағы заң бұзу мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалар жүйені қадағалаусыз қалдырғанын, немесе өздері осы жүйеге тікелей қатысқанын көрсетіп отыр», - деп хабарлайды үкімет.