Экология министрлігі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын зиянды қалдықтарды 30%-ға азайтуға міндеттеді
Мағзұм Мырзағалиев бұл шара Теміртаудағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін атқарылған жұмыстың басы екенін айтты

Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компанияны 2019-2023 жылдар кезеңінде эмиссияны 30% - ға қысқартуға міндеттейтін құжатқа қол қойды.
«30% аз көрсеткіш емес, бірақ бұл да қуанарлық жағдай емес, себебі біз шығарындылардың көлемін 30%-дан артық қысқарту әлеуеті бар деп санаймыз», - деді М. Мырзағалиев қол қойылған келісім шарттарын түсіндіре отырып.
Ведомство басшысының айтуынша, министрлік осы құжаттың орындалу шарттарын ААТ тарапынан «үлкен жауапкершілікпен және өте қатаң» қадағалайтын болады.
«Бұл өте қатаң бақылауға алынады. Бұл компания эмиссияға рұқсат алатын шарт болады. Яғни, егер компания эмиссияға рұқсат алмаса, онда компанияның жұмыс істеуге құқығы жоқ. Сондықтан бұл өте қатаң жағдай», - деді ол.
Зияынды қалдықтарды қысқартумен қатар, компания Теміртау маңында 500 мыңға жуық ағаш отырғызуға міндеттеме алды. Министрдің мәліметінше, қаланы ластайтын қалдықтардың, шамамен, 80%-ын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шығарады. Экология министрлігінің мәліметінше, кәсіпорын соңғы 6 жыл ішінде жалпы сомасы 11 млрд. теңгеге табиғатты қорғау іс-шараларын жүзеге асырды.
«Қаржылық шығындар ауқымында бұл тиімді көрінеді, бірақ ластаушы заттардың шығарылуын тек 13,5 мың тоннаға ғана қысқарту жүргізілді. Және бұл тек шаң бойынша (жалпы көлемнің 6,5%). Басқа улы газдар бойынша қысқартулар жоқ», - деді экология министрі.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, соңғы 4 жылда қалада атмосфералық ауа сапасының нақты жағдайы жақсармады.
«Жүйелі негізде шаң, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, азот тотығы, күкіртті сутегі, фенол, аммиак бойынша ШРК асып кетуі тіркелді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ нысандарында жүргізілген мемлекеттік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша атмосфералық ауа сапасының нашарлауымен қатар табиғатты қорғау шараларының тиімділігі төмен», - деді М. Мырзағалиев.
Аталған мәселені шешу ретінде жоғарыда көрсетілген меморандум жасалды. Бұдан басқа, жаңа экологиялық кодекс қабылданғаннан кейін ірі өнеркәсіптік компаниялардың қоршаған ортаға жүктемені азайту мақсатында жаңа технологияларды енгізуге міндеттемесі енгізілетін болады.