ҚМДБ ресми түрде дипфейкті шариғатқа жат дүние деп таныды
Мүфтият осыған байланысты пәтуа шығарған
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жасанды интеллект арқылы адамның видеосын жасау шариғатқа жат деген пәтуа шығарды. Яғни, адамның айтпағын сөзін айтты деп адамдарды адастыру – күнә, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Ислам діні ғылым мен технологияның дамуына, жаңалық ашуға тыйым салмайды. Алайда бұл даму адамзат игілігіне, әділеттілікке, адамгершілікке негізделіп, шариғаттың аясында жүзеге асуы тиіс. Сондықтан кез келген технология игі мақсатта қолданылса – рұқсат, ал жамандыққа, зиянды мақсатта қолданылса тыйым салынады», - деп жазылған Мүфтияттың ресми сайтында.
Сондықтан, Мүфтияттың пәтуасына сенсек, Deepfake технологиясы арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей етіп жасау, жалған ақпарат тарату, шариғат бойынша қатаң тыйым салынатын дүниелер. Мұндай жалған ақпарат тарату ел тыныштығын бұзып, қоғам ішінде іріткі тудырады. Алдын алмаса, салдары елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсіріп, қоғамға залалын тигізеді.
«Шешім: Дипфейк технологиясы арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей етіп жалған ақпарат таратуға, адамдарды алдауға шариғатта тыйым салынады», - деп жазылған Мүфтияттың пәтуасында.