$ 502.57  591.68  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 15:00
Қоғам

Ақтауда тағы бір өрт сөндіру депосы ашылды

Депо жергілікті бюджет қаражатына салынған

Ақтауда тағы бір өрт сөндіру депосы ашылды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Ақтаудың 35-шағын ауданында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратынша, бұл жыл басынан бері қалада пайдалануға берілген екінші өрт сөндіру депосы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, жаңа нысан өрт сөндірушілердің оқиға орнына тез жетуіне көмектеседі. Бұл төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге және тұрғындардың қауіпсіздігін жақсырақ қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа өрт сөндіру депосының кілті №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығына табысталып, бөлімше ресми түрде ашылды.

Сонымен қатар салтанатты шара барысында өрт сөндірушілерге жаңа 3 өрт сөндіру техникасының кілттері тапсырылды. Қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға және қызмет атқаруға қолайлы жағдай жасау мақсатында алты қызметтік пәтердің кілті берілді.

«Өрт сөндіру депосы жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынған. Нысан құрамына негізгі өрт сөндіру депосы ғимараты, жеке құрамды орналастыруға арналған алты пәтерден тұратын екі қабатты жеке жатақхана, сондай-ақ өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың дене дайындығын қамтамасыз етуге арналған спорт залы кіреді», - деп мәлімдеді ТЖМ.

Депо заманауи өрт сөндіру-құтқару техникасымен және құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда қызметтік, тұрмыстық және оқу бөлмелері, демалыс орындары, сондай-ақ техниканы орналастыруға арналған ангар қарастырылған, бұл тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруға мүмкіндік береді.

ТЖМ мәліметінше, өрт сөндіру депосы Ақтау қаласының 35-шағын ауданын және оған іргелес аумақтарды, оның ішінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды қамти отырып, жалпы саны 40 мың адам тұратын аумақтың өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Серіктес жаңалықтары