Жалақы өсіп, мыңдаған адам ауыз суға қол жеткізген: министрлік 2025 жылды қорытындылады
«Қазсушар» филиалдарына 576 жаңа арнайы техника берілген
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жыл Қазақстанның су шаруашылығы саласын дамытуда айрықша маңызға ие болғанын мәлімдеді. Бір жыл ішінде су үнемдеу технологиялары кеңейіп, инфрақұрылым жаңартылды, инвестиция көлемі артып, жүздеген елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің ақпаратынша, вегетация кезеңінде тұрақты суаруға 11,1 млрд текше метр су алынған. Ауыл шаруашылығы құрылымында бұл көлем саланың жалпы ішкі өнімінің 30 пайызына дейінгі үлесін қамтамасыз етті. Егіс алқаптарына су беруді жақсарту және экологиялық мақсаттағы су жіберудің тиімділігін арттыру мақсатында 1840 км ирригация каналдары механикалық тазалаудан өтті.
«Су үнемдеу технологияларын қолдану аумағы 543,5 мың гектарға жетті. Осылайша, мемлекет басшысының жыл сайын шамамен 150 мың гектар жаңа алқапта су үнемдеу жүйелерін енгізу жөніндегі тапсырмасы орындалып жатыр. 2026-2028 жылдарға су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға бөлінетін қаражат 4 есе ұлғайтылды. Бұл шара шаруаларды заманауи суару жүйелеріне көшуге ынталандыруға бағытталған», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ 237 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, сумен қамту сапасы жақсарған. Жалпы алғанда, 2025 жылы 449 мың адам сапалы ауыз суға қол жеткізген.
Су шаруашылығы саласының негізгі капиталына 579 млрд теңге инвестиция тартылды. Келесі жылы Ислам даму банкімен су қоймалары мен каналдарды салу және реконструкциялау бойынша бірлескен жобаның алғашқы кезеңі іске асырыла бастайды, деп атап өтті министрлік.
Бұдан бөлек, биыл «Қазсушар» қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін артқан. «Қазсушар» филиалдарына 576 жаңа арнайы техника берілген. Бұл техникалар су шаруашылығы нысандарын салу, жөндеу және тазалау жұмыстарында белсенді қолданылып жатыр.
«Су шаруашылығы саласының мыңнан астам маманы Қазақстанда және шетелде біліктілігін арттырды. Олардың ішінде 125 маман Қытай кәсіпорындарында оқудан өтті. ҚХР-мен бірлескен бағдарламаны жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді», - дейді ведомстводағылар.
Сонымен қатар, қоғамда су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған акцияларға 2 миллионнан астам оқушы қатысқан. Қазақстан бойынша су үнемдеу тақырыбында ашық сабақтар, балалар арасында сурет байқаулары, эко-жарыстар және өзге де іс-шаралар ұйымдастырылды.