$ 510.18  601.91  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 17:17
Қоғам

Тоқаев 14 млн халқы бар Токионың тазалығын үлгі етті

Қоқыспен күресу керек дейді президент

Тоқаев 14 млн халқы бар Токионың тазалығын үлгі етті
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасына неге бастамашы болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әрине, қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптасып, тұрғындар ортақ мекеніміздің тыныс-тіршілігіне белсенді араласа бастағаны қуантады. Дәл осы себепті «Таза Қазақстан» жобасын бастадым. Оны бүкіл ел қолдады. Қоршаған ортаны қорғау – стратегиялық мәселе.  «Таза Қазақстан» идеологиялық кампаниясына не үшін бастамашы болғанымды айтайын. Өйткені экология, тұрмыс-тіршіліктегі тазалық болмысымыздың бір бөлігіне айналуға тиіс», - деді президент Астананы дамыту жөніндегі кеңесте.

Оның айтуынша, Азияның бірқатар қаласында қалдықтарды жоюдың экономикаға негізделген тәсілдері қолданылады.

«Шынында да қоқыспен күресу керек. Токиода 14 миллион адам тұрады. Азғантай аумақта осыншама халық өмір сүріп жатса да, ондағы тазалық пен тәртіп өте жоғары деңгейде. Мысалы, саммитте сөйлеген сөзімде Жапония премьер-министріне «Еліңіздің қуаты – адамдарыңызда. Сіздер үнемі үйлесімділікке үндейсіздер. Жапондар үйренуден жалықпайды. Өзін қалай ұстауды біледі, өзге адамдарға құрметпен қарайды. Үйін, пәтерін, өзі отырған ғимаратты таза ұстайды. Сонымен қатар олар үздіксіз білім алады әрі оны өскелең ұрпаққа да сіңіреді» деп жылы сөзімді арнадым. Бізге де дәл осындай менталитет қажет. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллектіден үлкен үміт күтемін. Біз алға қарыштап қадам басып, технологиялық ұлт болудың үлгісіне айналуымыз керек», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи жүйесін қалыптастыруды жеделдету керек екенін атап өтті.

«Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осы тектес жобаларды іске қосу пысықталып жатыр. Соның аясында тәулігіне мың жарым тоннаға дейін қалдық өңдеу, электр энергиясын өндіру қарастырылған. Ел бойынша қалдықтарды жоюды көздейтін 40-тан астам жоба жоспарланған. Олардың бәрі белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау және қоқыс полигондарын дамыту мәселесіне мән беру маңызды. Бұл істі кейінге қалдырудың экологиялық салдары ауыр болатынын әрі оның тұрғындар тұрмысына теріс әсер ететінін халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан Үкімет осы бағытта қажетті шаралар қабылдағаны дұрыс», - деді президент.

Серіктес жаңалықтары