$ 511  602.72  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 17:08
Қоғам

Тоқаев Астана әкіміне Smart City жобасын тездетіп аяқтауды тапсырды

Президент Жапонияға сапары барысында Токиодағы Smart City жобасымен танысып келген

Тоқаев Астана әкіміне Smart City жобасын тездетіп аяқтауды тапсырды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке Smart City жобасын тезірек аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент озық шешімдерді мемлекеттік басқару саласына енгізуде Жапония тәжірибесіне назар аударуға шақырды.

«Жасанды интеллект және цифрлық технологияны дамытуға баса мән беру керек. Менің өткен аптада Жапонияға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Сапар кезінде Токио губернаторымен кездестім. Түрлі салада ынтымақтастық орнатуға келістік, цифрлық технологияларға ерекше назар аудардық.  Токиодағы Smart City жобасымен таныстық. Жапония озық шешімдерді мемлекеттік басқару саласына енгізу тұрғысынан зор табысқа жетіп отыр. Біз осы бағытта тәжірибе алмасатын болдық», - деді ол Астананы дамыту жөніндегі кеңесте.

Осы орайда президент Астана әкіміне Smart City жобасын тездетіп аяқтауды тапсырды.

«Бұған дейін менің тапсырмам бойынша Астанада Smart City жобасы қолға алынды. Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералардың жұмысы және басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.  Қазір платформаны іске қосу үшін Деректерді талдау орталығы салынып жатыр. Осы цифрлық инфрақұрылымды құқық қорғау органдары да қолдана алады. Сол арқылы қаланың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік туады. «Заң және тәртіп» қағидаты іс жүзінде жұмыс істеуге тиіс. Астана әкіміне осы шаруаны тездетіп аяқтауды тапсырамын», - деді Тоқаев.

Президент еліміздегі басқа қалалар да осындай платформаны енгізуге тиіс екенін атап өтті. Үйлестіру жұмысы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жүктелді.

Серіктес жаңалықтары