$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.07.2020, 23:19
Қоғам

Биыл ҰБТ тапсырған 121 мың баланың 82 мыңы шекті балл жинай алды

Республика бойынша орташа көрсеткіш - 64 балл

Биыл ҰБТ тапсырған 121 мың баланың 82 мыңы шекті балл жинай алды
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.      

Биылғы ҰБТ 21 маусым мен 1 шілде аралығында өткізілді. Оған қатысуға рекордтық көлемде - 131 754 өтініш тіркелсе, оның 111 113-і, яғни 82 пайызы биылғы мектеп түлектері. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12%-ға төмен болғанын айта кеткен жөн.

2020 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 161 пунктте жүргізілді. Тестілеудің әділ өту барысын қадағалау мақсатында қалалар мен өңірлерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан 1 983 өкіл жіберілді. Сонымен қатар ҰБТ барысын құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, Үкіметтік емес ұйым, БАҚ, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің өкілдері мен қоғам белсенділерінен құралған Арнайы мониторингтік топ (510 адам) бақылады.

«Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша, тестілеуге тіркелген азаматтардың 92,1%-ы ҰБТ-ға қатысты, 2019 жылы бұл көрсеткіш 94%-ды құраған болатын. Шектік балды жинаған талапкерлер саны – 82 154, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда бір деңгейде қалып отыр. Жалпы республика бойынша орташа көрсеткіш 64,06 балды құрады, жалпы 2019 жылғы орташа көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық жоқ (65,5 балл)», - делінген Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Биылғы тестілеуде алғаш рет электрондық үкімет базасы арқылы Face ID жүйесі пайдаланылды, осыған байланысты ҰБТ тапсыруға басқа адамның кіруі әрекеттерінің саны айтарлықтай төмендеді. Мәселен, биыл 7 мектеп түлегі өз орнына ҰБТ-ға басқа адамды жібермек болған, өткен жылы мұндай 34 жағдай орын алған еді.

119 талапкер денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырмады. Олар үшін басқа күндері, 19 шілдеге дейін тестілеу ұйымдастырылатын болады.

Сонымен қатар, биыл алғаш рет талапкерлер үшін калькулятор пайдалануға рұқсат етілді, тестілеу уақыты ұзартылып, түлектер қорытынды мектеп емтихандарынан босатылды.

«ҰБТ жүргізілген әр аудитория арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталған болатын, нәтижесінде 9,5 млн-нан астам адам ҰБТ-ның өткізілу барысын онлайн режимде бақылады. Енді ережеге сәйкес, 2020 жылғы 25 тамызға дейін бейнежазбалар жіті тексеріледі. Егер бейнежазбада грант иеленген талапкердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестіленушінің ҰБТ нәтижесі жойылады», - делінген хабарламада.

Еліміздің барлық ҰБТ өткізу пунктерінде сақтық шаралары қолға алынып, медициналық-санитарлық нормалар қатаң сақталды. Әрбір ҰБТ-ға қатысушы дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтті.  

Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде талапкерлер арасында кем дегенде екі метр арақашықтық сақталды. Әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңмен желдетіліп, тазаланды. Аудиториялар 35%-ға дейін толтырылды, әрқайсысында тек 10-18 адам отырды. Өткен жылы бір аудиторияда орташа есеппен 50 талапкер болған.

 Жалпы, маусым айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қалыпты режимде өтті.

Естеріңізге сала кетейік, келесі ҰБТ тамыз айында өтеді, оның нәтижесі бойынша талапкер шектік балл жинаса, ЖОО-ның ақылы бөліміне түсе алады. Сонымен қатар жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсу үшін қаңтар айындағы ҰБТ сертификаттары да жарамды.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#түлектер #ҰБТ