$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.07.2020, 22:37
Қоғам

Ақмола ауруханаларына 620 дәрігер жетіспейді

Бүгінге дейін облыста 1200 адамнан коронавирус анықталды

Ақмола ауруханаларына 620 дәрігер жетіспейді
Фото: ашық дереккөзден

Ақмолада 620 дәрігер жетіспейді. Ал бар кадрлардың басым бөлігінің коронавируспен ауыруы бұл жағдайды одан ары қиындатып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Облыста қауіпті індет тарағанға дейін де 500-ге жуық маман тапшы болған.

Ал, емдеу мекемелеріндегі дәрігерлердің бірінен соң бірі коронавирус инфекциясын жұқтыруы тағы 120 дәрігер-маманның қажеттілігін туындатып отыр. Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы осылай деп мәлімдеме жасап, аталған салаға жас мамандар тарту мәселесін көтерді.

Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақытта қос өкпесі бірдей қабынған ақ халаттылардың қатары артқан. Дәрігер тапшылығы сезілгені соншалық, бүгін Whatsapp-мессенджерінде «Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасына дәрігерлер қажет» деген мәтінде хабарлама тараған.

«Коронавирус инфекциясымен барынша күресетін уақыт жетті. Біздің ауруханаға дәрігерлер шұғыл түрде қажет болып жатыр. Әсіресе эпидемиолог, анестезиолог, реаниматолог және жұқпалы аурулар дәрігерлеріне аса мұқтажбыз. Бізге кез-келген мамандықтағы дәрігерлер қажет», - деді Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Нариман Сыздықов.

Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазір аталған аурухананың барлық бөлімдері босатылып, коронавирус инфекциясымен күресу үшін дайындыққа кірісіп кеткен. Облыстағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында індет жұқтырғандарды емдеу үшін екі мыңнан астам төсек-орын жабдықталған. Жалпы осы уақытқа дейін облыста 1200 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Жергілікті әкімдік кадр тапшылығын болдырмас үшін медицина университеттерін бітіріп жатқан жас түлектерді облыс ауруханалары мен емханаларына жұмысқа шақырып жатқандарын айтты.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары