$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.10.2019, 11:06
Қоғам

Басшылар ашкөздіктен, қарапайым қызметкер жоқтықтан пара алады – Алик Шпекбаев

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қоғам арасындағы осы пікірмен келісетінін мәлім етті

Басшылар ашкөздіктен, қарапайым қызметкер жоқтықтан пара алады – Алик Шпекбаев
Фото: ашық дерек көзінен

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысы өтіп жатыр. Агенттік төрағасы 9 айдың жұмысын қорытындылап, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді әдістер қолданылуы керек деп, өз тарапынан бірнеше ұсыныс айтты. Сол ұсыныстардың бірі – қарапайым мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын өсіру.

«Халықтың өмір сапасын жақсартып, кірісі көбейтетін негізгі факторлардың бірі – кәсіби, тиімді, ең бастысы, жемқорлықтан ада мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Бірақ, атқарушы қызметте отырған, 20 жылдан астатын еңбек өтілі бар мемлекеттік қызметкердің жалақысы еліміздегі орташа жалақы мөлшерінен төмен. Мемлекеттік қызметтерді цифрландырсақ та, мемлекеттік органдардың жұмысын ашық етсек те, мемлекеттік қызметкерлердің қазіргі жалақысы парақорлықты азайтуға үлкен кедергі болып отыр», - дейді Алик Шпекбаев.

Агенттік төрағасы Сингапур, Гонконг, Еуроодақ елдері адамдардың жалақысын түбегейлі өзгертіп, өсіру арқылы сыбайлас жемқорлықты тамырымен жойғанын, сол арқылы кәсіби біліктілігі жоғары мамандардан құралған мемлекеттік аппаратқа қол жеткізгенін атап өтті.

Оның келтірген дерегі сөзіне дәлел болып отыр. Алик Шпекбаев Қазақстанда соңғы 5 жылда сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың 75 пайызы – жалақысы өте төмен орта және астыңғы деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер екенін айтты. 

«Сондықтан, қоғамның пікірі дұрыс сияқты көрінеді,  яғни, басшылар – ашкөздіктен, ал, қарапайым мамандар жоқтық пен тығырыққа тірелгеннен пара алады», - дейді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары