Пирамидаға алданып, қарызға белшесінен батты: «Қарызсыз қоғам» жобасы зейнеткерді қалай құтқарды
Заңгер қарызға байланысты адамдардың жиі жіберетін қателігін айтты
«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасына күн сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған адам жүгінеді. Несиесін төлей алмай, шоттары бұғатталып, жалақысы түгел ұсталып, күйзеліске түскен адамдардың соңғы үмітіндей болған жобаның заңгерлері мен кеңесшілері тегін бағдар беріп, жол сілтейді. Azattyq Rýhy тілшісі талайды қарыздың құрсауынан шығарып алған жоба заңгері Жұлдыз Хамидоллақызымен сөйлесіп, халықтың қандай мәселемен жүгінетінін сұрап көрді.
«Көп адам бізге есепшотты арестен шығару немесе банкроттық мәселесімен келеді. Шындығында, ең жиі кездесетін жағдай – шотқа қойылған арест мәселесі. Арест екі жолмен: соттың орындаушылық қағазы немесе нотариустың орындаушылық жазбасы арқылы қойылады: Көп адам арест не үшін қойылғанын білмейді. Біз алдымен орындаушылық қағаздың заңдылығын тексереміз. Егер қағаз заңға сәйкес келмесе, арест алынады. Бірақ мұның бәрі міндетті түрде құжатпен жұмыс істеуді талап етеді», - дейді заңгер.
Ол сондай-ақ көпшіліктің банкроттыққа шығу туралы өтініш тапсырғысы келіп жүр деп жүгінетінін айтты.
«Халық арасында банкроттық туралы бір қате түсінік бар. «Банкрот болсаң, бәрі кешіріледі» деп ойлайды. Банкроттықтың бірнеше түрі бар. Мысалы, төлем қабілетін қалпына келтіру жолы бар, бірақ оған екінің бірі жатпайды, сот бұл мәселені сирек мақұлдайды. Көп жағдайда біз банктермен қайта құрылымдау процесіне барамыз. Несиенің өсімпұлын алып тастап, төлемді азайтып, мерзімді ұзартамыз. Бұл жол кейбір азаматтар үшін ғана қолжетімді, бірақ оны дұрыс ұйымдастырса, адам қаржылық қысымнан шығып, өмірін қайта қалыпқа келтіре алады», - деп түсіндірді маман.
Заңгерге өмірдің әртүрлі қиындығына ұшыраған адамдар көмек сұрап келеді. Олардың көбі – әйелдер. Бірақ олар тек өз басының күйін күйттемей, отбасының, күйеуінің, баласының қамын ойлап, мәселені шешуге тырысады екен.
Баласының өмірі үшін күрескен келіншек
«Бізге таяуда жүгінген науқас баласымен жұмысқа шыға алмай отырған жалғызбасты ананың тағдыры қатты ойландырды. Баласы бірнеше жыл бойы рак ауруымен күрескен, бірақ кейін психикалық дамы кешеуілдеп, үнемі реабилитация қажет болған. Солай қарыз жинала берген. Қазір әйелдің табыс көзі – мүгедек баласының жәрдемақысы ғана. Ол банкроттыққа өтініш берген, бірақ сот оны қабылдамады. «Мүгедек балаңыз болса да, жұмыс істеуге мүмкіндік бар» деген уәж айтылған. Біз бұл шешімге апелляцияға бердік», – дейді заңгер.
Пирамиданың құрдымына кеткен зейнеткер
Оңтүстік өңірден келген зейнеткерді құрбысы қаржылық пирамидаға кіргізіп жіберген. Алғашында пайда көремін деп ойлаған әйел бірнеше рет қарыз алып, ақыры 5-6 миллион теңгенің үстінде берешекке кіріп кеткен.
«Зейнетақы табысы мұндай қарызды өтеуге мүлдем жетпейді. Бұл іс бойынша банкроттыққа рұқсат алынып, іс сәтті аяқталды. Тағы бір кісі құрбысына көмектесемін деп несие алып берген. Кейін ол адам қылмыстық іс бойынша сотталып, төлем жасай алмай қалды. Ал берілген қаржының қарызы әйелдің атына рәсімделген»»,- дейді жобаның заңгері.
Бұл оқиғада аресті шешіп, төлем графигін қайта жасауға тура келген.
Қарыз алғанда адамдар жіберетін басты қателік
Заңгердің айтуынша, қарызға байланысты адамдар ең жиі үш қателікке жол береді. Олар:
- банкке мүлде бармау, хабарсыз қалу.
- Уақытында келіссөзге келмеу.
- Арест қойылса да әрекетсіз отыру.
«Кез-келген дүние келісімге келумен шешіледі. Қарыз төлеу де солай. Банкке барып, сөйлесіп, өз жағдайыңызды түсіндіру керек. Менің тәжірибемде кездескені, адамдар бір қарызды екінші қарызбен жабады. Бір банктен алған қарызын тауып беру үшін тағы басқа банктен ақша рәсімдейді. Жастар ата-анасынан жасырады, айтуға қорқады, ересектер көрші-қолаң, туыс-туғанға хабарласады деп қысылады. Солай несие құдығына түсе береді. Мұндайда дұрыс қадам – қарыз алған банкке барып сөйлесіп, заңды жолдарын қарастыру. Бізде қарапайым келісімге келу жетпей жатады», - дейді заңгер.
Жұлдыз Хамидоллақызының айтуынша, «Қарызсыз қоғам» жобасына бір ғана телефон қоңырауымен қол жеткізуге болады. Кеңсеге жақын жерде тұрса, келіп, маманмен бетпе-бет кездесіп, кеңес ала алады. «Қарызсыз қоғамның» Астанадағы кеңсесі бір күнде 5 мыңға жуық қоңырау қабылдайды. Кез-келген жеке тұлғаға жобаның есігі ашық, мамандар ешқашан көмек сұраған адамнан теріс айналған емес. Әрқашан көмек қолын созуға дайын.